Полицейлер бақ сынасты
Қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күресу жолында аянбай қызмет етіп, темірдей тәртіп орнатумен күресіп жүрген жамбылдық полиция қызметкерлері өздерінің сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін көрсетіп, өнер додасында бақ сынасты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойы қарсаңында өткен "Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы" байқауына Тараз қаласы мен аудандардан келген қатардағы учаскелік полициядан бастап, арнайы жедел бөлімінің қызметкерлері де қатысып, ақынның шығармаларын оқыды.
Бірі қолына үкілі домбырасын алып, шарықтата ән салса, енді бірі мәнерлеп өлең оқудан алдына жан салмады.
Көрікті ой мен кемел сөздің зергеріне айналған Ұлы Абайдың тәлім-тәрбиеге толы Қара сөздерін, өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендердің көзайымына айналды.
Әдетте заң талаптарының қағидасымен қатқыл өң танытып жүрген тәртіп сақшылары байқау барысында өнерге деген ілтипатын танытып, өнерден құр алақан еместіктерін танытты. Қоғамдық тәртіпті күзетіп, бұзақыларды түзетіп жүрген Полиция қызметкерлері бұл байқауда дәстүрлі өнерпаздардан кем түспеді. Қазылардың қатал сынынан өтіп, әділ бағаларын да алды.
"Өнерліге өріс кең" демекші, "Көзімнің қарасы", "Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат", "Ғылым таппай мақтанба" және тағы да басқа өлеңдері мен әндерін нақышына келтіре шырқап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және "Рухани жаңғыру" жобалық офисі іс-шараны ұйымдастыра отырып, Ұлы ақынның өлеңдері мен шығармаларын орындауды тек қоғам белсенділері мен зиялы қауым арасында ғана емес, сонымен бірге, құқық қорғау қатарындағы қауымды қамтуды жөн көрген.
Әдебиет әлеміне қадам басып, 18 қатысушының ішінен, топ жарып Абайдың 43 шумақты "Ескендір" поэмасын мүдірмей, мәнерлеп оқып, көркем сөзбен көрікті ойын жалғаған Сарысу аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Руслан Мусаев өзгелерден оқ бойы озық көрініп, топ жарып, үздік деп танылды.
2-ші орын Полиция департаментінің Жедел криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Ақбота Махамбетоваға бұйырды. Ақбота "Жүрегім, нені сезесің" өлеңін көрермен қауымға сезіммен жеткізіп, ерекше әсер қалдырды.
Ал, Шу аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Төлеубай "Көзімнің қарасы" әнін орындап, жүлделі 3-ші орынды иеленді.