Ол террорист пе еді? Ислам Әбішевті қамауда ұстау тағы 1 айға созылды
Кешегі 5 тамызда өткен сотта триллион үнемдегені үшін түрмеге түскен Ислам Әбішевті қамауда ұстауды сот тағы да бір айға, жалпы алтыншы айға ұзартты, деп жазады журналист Қазыбек Иса Qazaquni.kz порталында.
Ислам Әбішев судья Т.Сырлыбаев пен айыптау қаулысын ежелеп, кейбір сөздер мен цифрлардың өзін қате айтып, зорға оқыған прокурор Е.Мұратқа және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тергеушісі Айдар Аташевқа қарап тұрып, қатты айтты:
- "Мені бес айдан бері 4 рет инфаркт алуыма да қарамастан, тасқамаудан үйқамаққа шығармай отырғандағы дәлелдерің "тергеу ісіне ықпал етеді" деген сылтау болды. Ал енді тергеу ісі бітіп, қорғаушыларға танысуға берілді. Сонда тергеу ісімен тек қана абақтыда ғана танысу керек деген заң бар ма? Ал қорғаушым, адвокат Абзал Құспан керісінше, Қылмыстық Кодекстің 136-шы бабынан келтірген 10 негіз бойынша да мені қамауда ұстауға негіз жоқ деп дәлелдеп берді. Бұл іс-әрекеттің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Қалайда менің рухымды сындыру екенін бәріміз біліп отырмыз. Одан түк шықпайды, судья мырза! Мен қолыммен істемеген қылмысты ешқашан мойныма алмаймын. Мені осыған дейін 14 камераға ауыстырдыңдар, кімдермен отырғызбадыңдар?!. Маған десеңіздер тағы 20 камераға ауыстырып отырғызыңдар. Он бес жыл беріңіздер! Менің рухымды сындыра алмайсыңдар! Мен алғаш қамауға алған кезде-ақ айтқанмын осы сөзді. Одан танбаймын! Мен 2013 жылы жұмыссыз қалғанымда үй-ішімдегілер "Елдің бәрі жеп үйреніп қалған мемлекеттің ақшасын үнемдеймін деп нең бар еді?" деген болатын. Мен сонда "Алда осындай жағдай тағы қайталанса, халықтың несібесін тағы да талан-таражға салдырмаймын" дегенмін. Сөзімде тұрдым. Бұл ұстанымымнан айнымаймын. Ал, ол халық қазынасын үнемдегенім үшін сіздер не істейсіздер, өздеріңіз біліңіздер! Заң алдында, Ар алдында шешіңіздер!", - деді.
Үзілістен кейін сот шешімі оқылғанда прокурор Е.Мұратов та, тергеуші А.Аташевтың да қарасы көрінбеді. Әрине, олар жоғарыдан түскен тапсырыс бойынша сот шешімі алдын ала белгілі болғандықтан, ақырын күтпей тайып тұрған болатын…
Бұған дейін 5 рет "қойылымы" болған бұл спекталь де осылай аяқталды. Қоғамдық қорғаушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі әнші Ералхан Әбіш айтқандай, "бір киноны алтыншы рет көріп отырмыз".
Иә, шынында да, Су саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасынан, яғни халық қазынасынан триллионнан аса қаржы үнемдеген Ислам Әбішев ұсынған бұл бағдарламаны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі "И. Әбішевтің ұсыныстары бұрынғы бағдарламадан ұтымды. Қарап, үкіметте шешім қабылдау үшін" деп, Президент фишкасын қойып, қабылдатқаны және ол бағдарлама сәтті іске асып жатқаны анық. Әйгілі жазушы Дулат Исабеков жазғандай: "Кеңес одағы кезінде мұндай ерлігі үшін "Еңбек ері" атағын беретін!". Мемлекет мүддесі үшін триллион үнемдеп, жүздеген жау тауып отырған Ислам Әбішев тергеушілер аты белгілі кәсіби жалақорды айдап салып, айып таққандай "60 милион теңге пара алады ма? Пара алғыш болса, Ислам Әбішевке дейін қабылданып қойған мемлекеттік бағдарламадағы триллионды үнемдеп, оның артында тұрғандардың "ату нысанасына" айналғанша, солармен сыбайласып, сыбағасын алып отыра бермей ме?
Мектеп баласына да айқын дәлелді біліп тұрса да, тергеуші де, прокурор да, сот та керісінше айыптайды. Өйткені бізде Заң, Ар емес, Тапсырыс қана жұмыс істейді.
Менің шыдамай: "Адвокат Абзал Құспан Заңның баптары бойынша он негізде де, Ислам Әбішевті түрмеде ұстауға негіз жоқ екенін дәлелдеп берді. Ал сіз басқаша шешім шығарып отырсыз! Жоғарыдан тапсырыс болғасын осылай шешіліп тұр ғой, сөздің ашығы!"-дегеніме судья "Бұл соттың сөзі" деп күліп жауап берді. Сот күлкісінің астарында:
"Өздерің де жақсы біліп тұрсыңдар ғой, несін сұрай бересіңдер?" - деген кейістік айқын аңғарылып тұрғандай болды…
Сонымен, халық қаржысын қорғаған Ислам Әбішевті қоғамға қауіпті террористей тағы да үйқамаққа шығармай, тастүрмеде қалдырды…
Мен "Қиналған Жамбыл жер осы"дегендей, шешімін дәлелдеп бере алмай қиналған соттың түріне қарап аяп кеттім.
Негізі, мен сот өткен сайын қамаудағы Ислам Әбішевті емес, айыптаушыларды аяймын… Тергеушілерді, айыптаушы прокурорды және, әсіресе, өз еркімен шешім шығара алмайтын, бірақ сот деп аталатын судьяларды аяймын…
"Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды" - дегендей, арысымыз абақтыға түскеннен кейін бажылдап-ысылдап шыға бастаған бақа-шаяндарды да аяймын…. Су шаруашылығынан мақұрым болса да, шу шаруашылығын жақсы меңгерген, ақ ит кіріп, қара ит шыққан аузына да, кім кіріп-шықпаған ауына да ие бола алмай жүргенін мақтаныш көріп, желіде жазатын желіккен қатын-қалаштарды аяудың керегі жоқ шығар, солардың деңгейіне түсіп, ауыз жаласып, алдына шығып алып шауып, шабаланып жатқан әжептеуір аты бар, газет, партия, ұйым басқарып жүргендерді көріп, байғұстарды тіпті аяп кетеді екенсің… "Аңқау елге Арамза молдалыққа" таласып жүрген олардың тағы да шындықты айтқан боп көрінейін деп, "Ақиқат" деп, айқайлап қоятынын қайтерсің?!
Негізі менің айтпағым бұлар емес еді…
Бұлардың бәрі айтуға да, аттарын атауға да тұрмайтын төмендегі тиын-тебеннің айналасындағы тышқан тірліктің өмір сүру қағидалары ғой….
Менің айтпағым, дұшпандар мен көре алмас күншілдердің лас қолдары да, атқан оқтары да жетпейтін заңғар биіктегі, ешқандай бағаға сатып ала алмайтын, жаратқан иеміз Құдіретті Алла ғана сыйлайтын рух күші!
Менің айтайын дегенім, сот алдында қасқайып тұрып, Ислам Әбішевтің өзі айтқандай:
"Мені 20 камераға ауыстырып, 15 жыл берсеңіздер де, менің рухымды сындыра алмайсыңдар!" - деген өткір сөзі еді.
Иә, Ислам Әбішті өмірінде бір рет көрген және бірер сәт сөйлескен адам оның бұл сөзіне шүбәсіз сенетіні анық.
Түрмеге түскелі Исекеңді осымен екінші рет көріп отырмын. Сол баяғы ірі мінезі, кесек турап, кесіп сөйлейтін кескінді келбеті! Тап бір тасқорғанда емес, Ақордада жүргендей асқақ! Заңның әр бабын шегелей айтып, Ардың биігінен қасқайып қарсы сөйлегенде сот пен айыптаушылар бетіне тіке қарай алмай бүгежектеп, сөздерінен жаңылысып қалады!
Біз Исекеңнің көңіліне қарасақ, ол біздің көңілімізді көтеріп қояды. Белгілі ғалым Мырзагелді Кемел көкеміздің үйіндегі көзі жасаурап тұрған Зиба жеңгемізге "Өй, не болды сізге? Көке, мына жеңгеміздің көңілі пәс қой, тойға апармай қойғасыз ба немене?" - деп, жайсаң ағам жарқылдай сөйлегенде жарқыратып жібереді айналасын. Қайнағасына сәлем берген біздің үйдегі келіні Жәннатқа: "Көп жаса, айналайын! Жарайсың келін, сәлем салуды сотта да, отта да ұмытпайсың"-деп оның көңілін бір көтеріп қояды. Белгілі журналист Өмірзақ Ақжігітке: "Азып кетіпсің ғой, денсаулығың дұрыс па?" - деп қамқор болуды да, інілері, әйгілі әнші Ералхан екеумізге "Сендер қызбаланбай жүріңдер"-деп ақыл айтуды да ұмытпайды.
Сот шешім шығаруға үзіліске кеткенде сол жердегі асханадан тамақ іштік.
"Біз ана жақта, түрмеде қалайы тостақ, темір қасықпен ас ішеміз, мынадай ыстық тамақ қайда?" - деп қояды бәрімізді күлдіріп…
"Тамақ жеп отырғанда, таседеннің үстіне тышқандар жүгіріп шыға келеді. Қасықпен дәлдеп тұрып, жіберіп ұрсаң, жоқ боп кетеді" - дейді.
Тышқаннан қорқатын менің жүрегім зу ете қалады күлкім жайына қалып… Осының бәрін бір тастүрменің азабын емес, әлде бір әдемі шипажайдың ғажабын айтып отырғандай күліп отырып әңгімелегенде, "Не деген мықты да, биік Рух", - деп таң қаласың!
Иә, игі істерімен исі қазаққа танымал, руханиятқа қамқор, ұлт мүддесін қорғап жүретін ұлтшыл, қайсар қайраткер Ислам Әбіштің биік рухын ешкім де сындыра алмайды!
Өйткені, Халық қазынасын қорғаған қайраткерді Халқы да қорғайды!
Қазір "Қазақ үні" ұлттық порталындағы Ислам Әбішевке араша түсіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазылған Ашық хатқа алды әлемге әйгілі Қабдеш Жұмәділ, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдік, Сәбит Досанов, Смағұл Елубай, Ұлықбек Есдәулет, Нұрғали Нүсіпжанов, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов, Төлеген Мұхамеджанов, Роза Рымбаева секілді Халық жазушылары мен Халық әртістері бастаған Ұлт зиялылары қол қойды! Қазір небары екі айдың ішінде барлығы Жүз мыңға жетіп қалған, қолдап, қол қоюшыларға зор алғыс айтамыз!
Бұрын ары кетсе 200-ден аспаған көрсеткішпен салыстырсақ, 500 есе артық Рекордтың көкесі осы - жүз мың қол - халық үні, халық дауысы!
Кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:" Халық үніне құлақ асыңдар", - деген болатын!
Осыншама қалың Елдің дауысы Ел басшысына жетеді деп сенеміз!
Қазыбек ИСА, Qazaquni.kz