"Дұрыс емес қой". Заңгер Серікжан Біләштің үлкен қатесін бетіне басты
Қазақстандық белсенді Серікжан Білаштың сөзін түзеген заңгер Марат Толыбаев оған ақыл қосып, өз ұсынысын ортаға тастады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Марат Толыбаев Қытайдағы этникалық қазақтардың құқығын қорғаушы Серікжан Біләштің кейбір сөздері елімізге мәселе тудыртпас үшін оны өзгертуді ұсынып, Facebook-те жазба жариялады.
"Қытайдағы этникалық қазақтарға жасалған қысымды тоқтатуды талап етіп, үлкен іс атқарып жүрген қазақстандық белсенді азамат - Серікжан Біләштің батылдығы мен табандылығына тәнтімін.
Қазақстанда сөз сөйлеп, мәселе көтергені үшін Серікжан тергеуге алынды, бірақ ол дегенінен қайтпады, өз ұстанымынан бас тартқан жоқ.
Ол шешендігі мен ойының ұшқырлығы арқылы ел көзіне тез түсіп, халықтың сүйікті ұлына айналды.
Әрине, жазықсыз азап шеккен Қытай азаматтарын қорғау үшін жанкештілік танытып жатқан Серікжанды қос қолдап қолдаймын. Бірақ бұл арада назар аудартқым келетін бір нәрсе бар.
Менің түсінуімше, Серікжан Қытайда тұратын қазақ азаматтарына қысым жасамауды талап етеді. Мұндай талап – кез келген уақытта жарылатын бомба іспетті өте қауіпті. Ондай талапты қолдаса Қазақстан, өз еліміздегі ішкі мәселелерге басқалардың араласуына рұқсат беруі керек болады. Мысалы, Қазақстандағы этникалық орыстың, өзбектің немесе кәрістің дегендей.
Яғни, басқа елдердегі этникалық қазақтарға жақтасамыз деп, ертең біреулер біздегі өзге ұлт мәселесіне кірігіп жатса, онда ләм-мим деп ауыз аша алмай қаламыз. Бұл қауіпті нәрсе.
Жалпы, мысалы ұлт пен азаматтық сынды құндылықтар иерархиясы мәселесі - адамзат қоғамының мәңгілік мәселесі. Әрине, оның ұтымды шешімінің бір де бір тәсілі жоқ. Жеке өзіме келетін болсақ, мен, ұлттан гөрі мемлекетшіл адаммын. Яғни, мен ұлттан гөрі азаматтық деген ұғымды жоғары деп санаймын.
Сондықтан бізге адамның Қазақстан азаматы болуы әлдеқайда маңызды болуы тиіс, одан кейін барып, оның ұлтына мән берген жөн. Осы жағынан алсақ, Қытай азаматтығы бар этникалық қазақтар, мысалы Қазақстан төлқұжаты бар этникалық орыс немесе өзбекке қарағанда әрірек алыс болуы тиіс. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, Серікжанның талаптарында қате мағыналар да бар. Ол Қытайдағы қысым көрген адамдарды қорғауды талап етеді, өйткені олар қазақ болғаны үшін. Сонда оның логикасы бойынша, мен қателеспесем, егер Қытайда қысым көрген қазақтар емес, тек ұйғырлар болса, онда біздің дабыл қағуымызға негіз жоқ көрінеді.
Мұндайда мынындай заңды философиялық сұрақ туындайды: адамның өмірі қымбат па, әлде бір ұлттың өмірі қымбат па деген. Менің ойымша, адамның өмірі, ұлты мен азаматтығына қарамастан құнды.
Сондықтан, жоғарыда айтылғандардың барлығын ескере отырып, мен Серікжан Біләш пен оның жақтастарының талабын: "Әлемнің кез-келген елінде азаматтарды діни, ұлттық, саяси және басқа да негіздер бойынша қудалауға жол берілмейді!" деп өзгертіп, оқуды қалар едім. Иә, дәл солай! Қазақтарды емес, жалпы сол арада қысымға ұшыраған барлық адамды қорғау деп!" деп жазды ол желідегі парақшасында.