Мәжіліс депутаттары Қарағандыдағы көші-қон қызметі орталығына барды
Бүгін Мәжіліс депутаттары Мансұрхан Махамбетов пен Жамбыл Ахметбеков Қарағандыдағы Көші-қон қызметтері орталығына барды, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаттары орталықтың жұмысымен танысып, мемлекеттік қызметтерді алу үшін мекемеге келген шетелдік азаматтармен әңгімелесті.
- "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы бойынша Елбасымыз алға қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында бүгін біз орталық қызметімен таныстық. Барлық көші-қон қызметтері «бір терезе» қағидаты негізінде ұсынылуда. Бұрын құжат алу үшін бірнеше мекемеге хабарласып, оған 7 күн қажет болса, қазір құжаттарды орталықтан бір сағатта алуға болады. Ең бастысы, бұл халық үшін өте ыңғайлы, - деді Мәжіліс депутаты М. Махамбетов.
Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және еңбекші-мигранттарды заңдастыру мақсатында Көші-қон қызметтері орталығы – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бірлескен жобасы.
Бүгінгі таңда қала орталығында орналасқан орталық бірнеше қызмет түрлерін көрсетеді. Мұнда келушілер үшін барынша жағдай жасалған. Сондай-ақ, еңбек мигранттарына ыңғайлы болу үшін орталықта денсаулық сақтау, екінші деңгейлі банктер және сақтандыру компанияларының өкілдері жұмыс істейді.