Жексенбіде мұғалімдерді линейкаға шығаратын БҒМ заң бұзып отыр – БАҚ
ҚР Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді жексенбі күні, 1 қыркүйекте жұмыс істеуге мәжбүрлейін деп тұр. Бірақ ешбір мұғалім демалыс күні жұмыс істеуге келісімін беретін құжатқа қол қоймаған, деп жазады 365info.kz.
Білім министрлігінде мардымды жауап жоқ. Заңды демалыс күні – 1 қыркүйекте 320 мың қазақстандық мұғалімді жұмысқа заңсыз жегетіні қалай?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің арнайы мониторингтік тобының өкілі Мәлік Жұмағалиев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың блогына осы мәселеге байланысты ресми түрде сұрақ қойған.
Ал министрдің жауабында Еңбек кодексінде жұмысшыны демалыс күні жұмысшының өз еркімен берген жазбаша түрдегі келісімімен жұмысқа тартуға болатыны, оның орнына басқа күні демалыс берілуі тиіс екені айтылады.
Мұғалімдерден анонимді түрде сауалнама жүргізген басылымның жазуынша, ешбір педагог демалыс күні жұмыс істеуге келісемін деген құжат толтырмаған. 1 қыркүйектің орнына басқа күні демалыс беру туралы ешбір мектептің басшылығы жақ ашпаған.
"Осылайша Білім министрлігі заң бұзып отыр. Жүз мыңдаған педагогтерден бөлек, сол күні жұмысқа басқа да мектеп қызметкерлері шығады. Ал балалар мен ата-аналар жексенбінің демалыс күнінде демалу орнына мектепке шапқылайды", деп жазады басылым
Тағы оқыңыз: 2-3 сағат босқа тұрады. Линейканың керегі не?