Таяқ жейтін әйелдер күйеуінен неге ажырасып кетпейді? Дәрігердің жауабы
Психотерапевт Жібек Жолдасова есіктің арғы жағында, ел көзінен жасырын болып жатқан отбасылық зорлық-зомбылықтың неге әкеліп соғатыны туралы бір мысалды алға тартты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Дәрігер бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Өткенде алдыма шешесін балалары жетектеп алып келді. 60-қа таяп қалған әйел, балаларын танымайды, кім болып жұмыс істегені де есінде жоқ. Қолына қалам мен қағаз беріп едім, аты-жөнін де жаза алмады. Деменцияның ауыр түрі. Дерт 50-ден асқанда қылаң беріп, содан асқынған.
Балаларының айтқанынан ұққаным, әкелері шешесін өмір бойы сабаған, басын қабырғаға да соққан, аяусыз тепкілеген де... Ал әйел адам осының бәріне үнсіз көніп, шыдап жүре берген.
Ешкімге шағымданбаған. Енді басын МРТ-ға түсіріп көрсек, ми көлемі екі есе кішірейіп, солған.
Көбісі "осындай тиран күйеуден неге ажырасып кетпеген, неге көніп жүре берген өмір бойы" деп жазып жатыр. Онда мен айтайын, таяуда ресейлік сайттардың бірінен мынандай жантүршігерлік статистиканы көзім шалды: осындай жауыз еркектерден құтылу туралы шешім қабылдаған әйелдердің, көбісі - 65-70 проценті кісі қолынан қаза табады екен. Яғни, кетем десе өлтіреді",", деп жазған.
Бұл жазба астына пікір қалдырғандар мынандай ақылға қонымды кеңестерімен де бөлісіпті:
Біріншіден, күйеуіңіз тиран болса, одан кету туралы шешім шығарсаңыз, онда ол шешім туралы айтпай бір жақсы күні "тайып" тұрыңыз.
Екіншіден, туыстардың үйіне емес, дағдарыс орталығына тартыңыз. Ол арада психолог та, заңгер де бар - Сізге қажетті тегін кеңес беретін.
Үшіншіден, ондай адам ауру немесе қылмысқа бейімі бар адам. Сондықтан оны тіркеуге алуы тиіс құқық қорғау органдары. Сол үшін үнсіздікті бұзу - өте дұрыс нәрсе!