"Оқушылар еден жуа ма?". Білім министрлігі ақыры тоқетерін айтты
Әлеуметтік желідегілердің бірі "оқушы еден жууы керек" десе, бірі "жумайды" деп дауласуда. Қайсысынікі дұрыс, қайсысынікі бұрыс, ол жағы бүгінге дейін беймәлім болып келген. Ал оған заңгер Жангелді Сүлейменов Білім министрлігіне сауал жолдап, нақты жауап алып үлгерді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқушылары еден жуған елордалық №80 мектеп бір сәтте мұқым елге танымал болды. Мұғалімдер, балалар және олардың ата-аналары мұндай қосымша міндеттерге еш қарсы болмаған, оқушылар да бұл мектепте өз еркімен еден жуатын көрінеді. Алайда кейбір қазақстандық ата-аналар бұған қарсы шығып, әлеуметтік желіде түрлі пікірлерді алға тартты.
Осы мәселеге қатысты адвокат Жангелді Сүлейменов Білім және ғылым министрлігіне арнайы сауал жолдап, оған ресми жауап алды. Заңгер бұл жауапқа толықтай қанағаттанатынын айтады.
"Бұған енді келісуге болады, құзырлы органның берген жауабы көңілімнен шықты. Білім және ғылым министрлігі еденді 14 жастан асқан оқушылар, онда да балалардың (ата-аналардың) келісімімен (!!!) жуатынын растады. Білім және ғылым министрлігі, менің түсінуім бойынша, барлық мектептерде еден жуушы жеткілікті деп санайды, онда деймін де неге балалар еден жууы керек? Ал еденді жууға қарсы еместер, егер балаларыңыз келіссе, жуа берсін оны. Бұл өз шаруаларыңыз. Егер осылайша баламды тәрбиелеймін деп ойласаңыздар, қатты қателесесіздер. Мемлекетті ластап жатқан кімдер қазір, әрине кеше осылай еден жуған үлкен адамдар, олар бәрібір тазалықты сақтауды үйренбеген. Балаңыз мектепте еден жумасын десеңіз, мына қағазды басып шығарып, оларға көрсетіңіз. Одан соң бірдеме деп жатса маған келіңіздер..", - дейді заңгер Білім министрлігінің ресми жауабын ұсына отырып.