Жаңалықтар тізбегі
0

Таразда "Елдік елге байланысты" атты ерекше форум өтті

zakon.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.09.2019 23:40 zakon.kz
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылған шара ел болып елдікті көрсету үшін жұрт болып жұмылуымыз тиіс жоспар айтылған келелі кеңес болды десек кем айтпағанымыз.

Таразда айтары ауқымды, мақсаты маңызды қоғамдық форум өтті. Бұл басқосу барысы әдеттегіден ерек, бұрнағылардан бөлек форматта өрбіді. Яки, онда дін де, діл де, тіл де, дәстүр де, ұлттық құндылық та, татулық пен тұрақтылық та, береке мен бейбітшілік сынды бәрі-бәрі қамтылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында атқарылған шара ел болып елдікті көрсету үшін жұрт болып жұмылуымыз тиіс жоспар айтылған келелі кеңес болды десек кем айтпағанымыз.

Қош. Сонымен соны ойлар ортаға салынған шарада не қаузалып, не қойылды?

"Елдік елге байланысты"!

Тақырыбының өзі-ақ айтып тұрғандай тағылымға толы форумның негізгі идеясы - уақыт талабы. Неге десеңіз, қоғамның, ұлттың дамуына кедергі келтірер кертартпа дағдылар мен әдеттер белең алған бүгінгідей шақта елдігімізді елеткізіп, бірлігімізді білдіруіміз керек-ақ. Бұл - айтылмаса да аңғарылып тұрған аксиома.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.09.2019 23:40

Мың бір мысалдан бір мысқалына тоқталсақ. Бүгінде көптің басын қосып, алыстағыны жақындатып, дәстүрімізді дәріптеп елдігімізді жаңғыртуы тиіс жиын-тойлар бұл бағыттан мүлдем жырақ. Керісінше даңғаза думан, ысырапшылдық пен берекетсіздікке, бейәдептілікке бастап тұр. Міне, аталған шарадағы мінбеде парықталған пікірлердің бір парасы осы оймен астасты.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.09.2019 23:40

Айталық, алғашқылардың бірі болып облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген бұл бағытта бірізділік болмай тұрғанына тоқталып, ұлт болып ұтылар тұсымыз көп екенін тілге тиек етті. Ақшам ауғаннан іңірдің ізін жұтар таң сәріге дейін созылар той-думан жат әдеттің жәрмеңкесіне айналғанын ашық айтты. Терістіктен тиылмасақ бүгінгідей тойдан тартар тауқыметіміз таудай. Мейлінше, мән бермесек, маңызсыз мерекеміз берекемізге айналары шүбәлі. Сондықтан бірлестік төрағасы той өткерудің тың үлгісін ойластыруды ұсынды.

"Қариясы бардың қазынасы бар" деген қанатты сөзді қағида етуді еш уақыт естен шығармау керек. Саналы буын қалыптастыруда дәл осы ақсақалдардың ақылына байланысты. Еңбек ардагері ақсақал Ә. Ергебеков осы ретте сөз алып баталы қарт жас буынға бой түзер, ой түзер абызы болу керектігін айтты. Ал қалалық мәслихат депутаты Б. Құлекев бұл жиынның маңыздылығын ескеріп, осы тақлеттес жиындарды аудан, ауылдарда да ұйымдастырудан ұтарымымыздың аз емесін айтты.

, сурет - Zakon.kz жаңалық 23.09.2019 23:40

Басқосу барысында өзге де сөз алғандар мен ел ағалары қоғамдағы түйіткілді мәселелер, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыптың уақыт ағымымен өзгеруі, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, жастар тәрбиесінің өзектілігі хақында айтып өтті. Халықтың ұлттық болмысы мен бірегейлігіне кері әсер ететін жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, қызметтегі жершілдік пен тамыр-таныстық, ағайын арасындағы рушылдық, той тойлаудағы ысырапшылдық пен астамшылдық, жастар ортасындағы даңғойлық пен кердеңдік, ел ішіндегі орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік сияқты жаман қасиеттерден арылу бүгінгі күннің басты талабына айналып отырғаны шараның өзегіне айналып, мәселе боп көтерілді.

Форумды қорытындылаған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов көтерілген мәселелер тоғысында облыс тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылыққа, берекелі өмір сүруге шақырып, қатысушылар тарапынан үндеу жолдады.

- Жаһандық әлеммен қабыспайтын, ұлттың дамуына кедергі келтіріп, ел ішіне іріткі салатын өткеннің кейбір кертартпа дағдылары мен әдеттерінен күні бүгінге дейін арыла алмай отырғанымыз жасырын емес. Олар: жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, жершілдік, тамыр-таныстық, жүзшілдік пен рушылдық, ысырапшылдық пен астамшылдық, даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз салтанат, қанағатсыздық пен үнемсіздік. Өркениетілікке емес өсекке, зиялылыққа емес зияндыққа, парасаттылыққа емес пасықтыққа, ізгілікке емес ібілістікке жетелейтін мұндай "ғұрыптардан" құтылатын кезең келді. "Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар" дегендей, бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің тамырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы білімді ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс,- делінген үндеуде.

Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары осы бағытта насихат жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін арнайы заң бекіту керектігі айтылған. Көп кешікпей алқа мүшелері осы үндеудің негізінде тағы да ой қосатын болады. Сірә, келісіп пішілген тон келте болмас.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жалпы түгел тәуекелге мінбей тұрып, жалқы ештеңе бітіре алмайтындығы. Ортақ мүдде ғана мерейлі мәртебеге бастар мүмкіндіктер сыйламақ.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: