Трамп өзіне жарияланған импичментті мемлекеттік төңкеріс деп атады
АҚШ президенті Дональд Трамп Конгрестегі демократтар түртпектеп көтерген импичмент процедурасын мемлекеттік төңкеріс деп атады, деп жазады РИА Новости.
"Күн сайын болып жатқан оқиғаларға қарап отырып, мұның импичмент емес, халықтан билілікті, дауысын, бостандығын, Екінші түзетуді (қару-жарақ айналымына рұқсат беру - ред.), дінді, әскерді, шекарадағы қабырғаны және Құдай берген АҚШ азаматының құқығын алып қоюға бағытталып жатқан мемлекеттік төңкеріс екеніне көзім әбден жетті!"- деп жазды Трамп Twitter-дегі парақшасында.
Айта кетсек, 25 қыркүйекте АҚШ Конгресіндегі демократтардың басшысы, Палата спикері Ненси Пелоси қазіргі президентке импичмент жариялануы мүмкін екенін мәлімдеді. Формальды түрде бұған Трамп пен Зеленскийдің екеуара телефон арқылы айтқан сөздері негіз екені айтылды. Трамп қаржылай көмек көрсеткені үшін Украина билігінен АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденнің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін іс тергеуіне қатысуға шақырғанға ұқсайды делінді. Одан соң Трамп Зеленксиймен арадағы телефон әңгіменің аудиожазбасын жариялады. Ол арада АҚШ-тың Украина билігіне қаржылай көмек көрсетуі туралы айтылмайды.
Оқи отырыңыз: Трампқа импичмент жарияланбақ. АҚШ-та не болып жатыр өзі?
Шын мәнінде, Трамптың жеке адвокаты Рудольф Джулиани келесі президенттік сайлауға түсуі мүмкін Байденге қатысты дерек жинауда шынымен де бір бұлтартпас фактілерді тапқан секілді. Бұған дейін ол әлеуметтік желіде Байденнің баласы Украинадан 3 млн доллар, Қытайдан 1,5 млрд доллар ақша алып, оны белгілі бір қор арқылы жылыстатқанын жазған.
Дегенмен шағымда көрсетілген АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі Курт Волкердің отставкаға кеткені туралы айтылып жатыр. Бірақ ол ресми түрде әлі расталған жоқ. Сонымен қатар, парламенттік тергеу аясында демократтар АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, Курт Вокер, сондай-ақ Трамптың адвокаты Руди Джулианиді куәлік беруге шақырды.