Ұшақ ішінде электронды темекісін бұрқыратқан әйел рейстен түсірілді
![Көліктегі ПД баспасөз қызметі, сурет - Zakon.kz жаңалық 11.10.2019 23:07](https://kaz.zakon.kz/pbi/WEBP/2023-12-20/file-e6459815-5e36-491f-9871-0327f5a1ba4a/800x452.webp)
Жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 43 277 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін – 2 981.
Мәселен, ағымдағы жылдың 11 қазан күні Қарағанды қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесіне "FlyArystan" АҚ әуе компаниясының өкілінен "Алматы-Қарағанды" бағытындағы әуе кемесінің бортында құқық бұзушылықтың болғаны туралы хабарлама келіп түсті.
- Тексеру барысында көлік полицейлері әуе кемесі бортында электронды темекі шеккен 26 жастағы Алматы қаласының тұрғынын анықтады. Азаматша әуе кемесі командирінің актісі бойынша рейстен түсірілді, - деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 441-бабының 1-2 тармағы (әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін және (немесе) электрондық сигареттерді тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды.