Әзірбайжан банкіне қатысты оқиға сәтті аяқталды - БЖЗҚ директоры
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басқарушы директоры Мәулен Өтеғұлов қазақстандықтардың зейнетақы жинағы салынған Әзірбайжан Халықаралық банкінің облигацияларының тағдыры туралы Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
- Біздің салымшыларымыздың көбісі "зейнетақы ақшамыз қандай да бір Әзірбайжан банкіне салынып, ол қайтарымсыз ізім-қайым жоғалды" деп ойлайды екен. Мен солай ұқтым. Бірақ бұл, тіптен қате пікір, - дейді Өтеғұлов.
Осы себепті ол бұл оқиғаны желіде басынан аяғына дейін тәмпіштеп түсіндіріп берген.
- 2014 жылы қазан айында БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтері есебінен Әзірбайжан Халықаралық Банкінің (ӘХБ) құны 250 млн доллардан астам қарыз бағалы қағаздары сатып алынды. 2017 жылдың 11 мамырында бұл банктің Нью-Йорктегі сотқа өзінің банкроттығы бойынша арызданғаны белгілі болды. Кейінірек ӘХБ қайта құрылымдаудан өтті.
Қайта құрылымдаудан кейін ӘХБ облигациялары қарыздың номиналды сомасын жоғалтпаған күйде өтеу мерзімі 2032 жылға сәйкес келетін Әзірбайжан үкіметінің тәуелсіз облигацияларына ауыстырылды. Бұл дегеніміз Әзірбайжан Халықаралық Банкінің біздің БЖЗҚ алдындағы міндеттемелерін Әзірбайжан Республикасының Үкіметі толықтай өз мойнына алғанын білдіреді.
2019 жылдың ақпан-сәуір айларында нарықтағы қолайлы жағдайларды ескере отырып, Әзірбайжан Үкіметінің қалған облигациялары сатылды.
ҚР Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2014 жылы ХБА облигацияларын сатып алған сәттен бастап және Әзірбайжан үкіметінің облигациялары сатылғанға дейінгі аралықта БЖЗҚ салған ақша бойынша алынған барлық сыйақы көлемінің таза ішкі кірісі 4% (шетелдік валютада) құрады. Бұл көрсеткіш қазақстандық банктің депозитінде доллар түрінде сақтап, тапқан табыстан шамамен 4 есеге жоғары (жылына 1% -дан аспайды), - деді ол.
Осы жағынан алғанда, Өтеғұловтың пікірінше, әзірбайжан банкіне қатысты оқиға сәтті аяқталған әрі ол салымшыларға қосымша табыс әкелген.
БЖЗҚ директоры өз жазбасында облигациялардың саудасы туралы ақпарат БЖЗҚ сайтында жарияланғанын, оны биылғы жылдың ақпан-сәуір айларындағы шолуға қатысты № 7 кестеден тауып алуға болатынын да атап өткен.
Айта кетсек, БЖЗҚ салымшылардың 71,3 млрд теңге ақшасын алдында банкроттығын жариялаған Әзірбайжан Халықаралық банкі облигацияларына салған.