Айғанымның айбынды жетістігі
Қазан айының 15-18 аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Германияның Кёльн қаласы мэриясының ұйымдастыруымен "Балаларға мейірімді қалалардың" Халықаралық саммиті болып өтті. Бұл жаһандық кездесу әлемнің 60 елінен жиналған 550-ге жуық қалабасыларының, жергілікті көшбасшылардың, техникалық сарапшылардың, жастар мен балалардың басын біріктірді.
Саммиттің басты мақсаты – бала құқықтарын жергілікті деңгейде жүзеге асыру мен кеңейтудің инновациялық жолдарын қарастыру болып табылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен бақ сынауға жиналған қатысушылардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің 9 "А" сынып оқушысы Жолжақсынова Айғаным ойып тұрып орын ала білді, — деп хабарлайды "Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп" "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.
Айғаным Халықаралық саммиттің мектептердегі тамақтану сапасын жақсарту тақырыбындағы пікірсайыс алаңына қатысып, жүздеген тыңдарман алдында өз ойын кәсіби әрі еркін жеткізе білді. Сондай-ақ, ол алқалы жиынның спикері ретінде тағайындалып, қатысушылардан оқ бойы озық тұрды.
Мектептердегі тамақтану мәселесі қоғамда жиі талқыға түсіп жүрген тақырыптардың бірі. Бұл өзекті мәселе біздің Айғанымды да толғандырмай қойған жоқ. Сол себепті де жас зерттеуші Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған "Егер мен әкім болсам…" конкурсына өзі туып-өскен Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің тамақтану мәселесін көтеріп, оны түрлендіру жолдарын ұсынған арнайы таныстырылымын әзірледі. Қазылар алқасының шешімі бойынша Айғанымның таныстырылымы тақырып өзектілігі мен мазмұн тереңдігіне байланысты ең жоғары ұпай жинап, нәтижесінде Айғаным "Балаларға мейірімді қалалардың" Халықаралық саммитіне еліміздің намысын қорғауға жолдама алған болатын.
Айғанымның осынау бүкіләлемдік саммитте сөз сөйлеуі, пікірталас алаңында мәселенің өзіндік шешу жолдарын ұсынуы, өз ойын ағылшын тілінде еркін жеткізе білуі, тұлғасын кәсіби спикерлер секілді сенімді ұстауы – үлкен жетістік деп білеміз.
Біз Айғанымды әлемдік деңгейдегі үлкен алаңға жасаған қадамымен шын жүректен құттықтаймыз! "Жаһандық жиында Қазақстанның намысын лайықты қорғап, "Балаларға мейірімді еліміздің" абройын асқақтата білдің!", — деген жүрекжарды лебізімізді білдіреміз.
Жыл сайын әлем бойынша "Балаларға мейірімді қалалардың" қатары артып келеді. Біріккен ұлттар ұйымының бұл бастамасы 1996 жылдап бастап жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша бұл атауға лайық деп танылған қалалар жетерлік. "Балаларға мейірімді қалалардың жастары жасындай жарқырап, балалары күндей сәуле шашатыны анық. Бұған біздің Айғанымның айбынды адымы дәлел.