Тоқаев Алматыдағы мүгедек балаларға арналған орталыққа автобус сыйлады
Мемлекет басшысы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында "Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы" қоғамдық бірлестігінің БЦСА балаларға арналған белсенді оңалту және ерте жастан қолдау орталығына барды, деп хабарлайды Zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Орталық мүгедек балалар мен қимыл-тірек аппаратында ақауы бар 18 жастан асқан адамдар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге мамандандырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев оңалту бөлмелерін аралап көріп, қызметкерлермен әңгімелесті. Мемлекет басшысына балалар мүгедектігінің алдын алуға, БЦСА-мен ауыратын балаларды көпжақты оңалтуға және жан-жақты әлеуметтік тұрғыдан жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды.
Президент аталған жобаның ізгі мақсатын атап өтіп, оны бүкіл республика көлемінде таратудың маңыздылығын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай мекемелерді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерінің және демеушілердің қаржысына ашу қажет.
Мемлекет басшысы орталыққа арнайы жабдықталған шағын автобус тарту етті.