Мамин "Еңбек" бағдарламасын жетілдіруді тапсырды
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов ел экономикасындағы жоспарлы құрылымдық қайта құрулардың еңбек нарығына және кәсіпкерліктің дамуына әсері туралы, "Еңбек" бағдарламасын іске асыру туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А. Сарбасов, ауылдағы шағын несиелендіру туралы ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев, өңірлердің азаматтарды жұмысқа орналастыру жөніндегі жұмысы туралы Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов және Маңғыстау облысының әкімі С. Тұрымов баяндады.
Үш жылда "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына 1,7 млн адам қатысқан, оның ішінде осы жылдың басынан бері – 500 мың адам, оның 178,8 мыңы – жастар, 12,6 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар, 15,7 мыңы – аз қамтылған азаматтар. Жыл басынан бері 23,7 мыңнан астам адам қысқа мерзімді оқудан өтті, "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 45,4 мың адам оқытылды, 11,6 мың шағын несие берілді, оның 90%-ы — ауылды жерлерде.
"Біздің басты міндетіміз – нәтижелі жұмыспен қамтуды күшейту есебінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру. 2017-2019 жылдар аралығында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. 1,3 млн адам жұмысқа орналасты, 51 мың адам жеке бизнесін ашты, 248 мың адам біліктілігін арттырды, 53 мың жас азамат алғашқы кәсіптерін игеруде", — деді А. Мамин.
Премьер-Министр осы жылдың соңына дейін еңбек нарығын 2025 жылға дейін кешенді дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының әрекет етіп тұрған тетіктерін жетілдіруді тапсырды.
"Қысқа мерзімді оқыту кепілді жұмысқа орналастыру негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Шағын несие беру және гранттар алу кезіндегі шарттардың орындалуын нақты бақылау қажет", — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр жастардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
"Жастардың әлеуетін дамыту мақсатында "Жас кәсіпкер", "Жас маман" жобалары іске асырылып жатыр. Жастардың жұмыспен қамтылуына ерекше назар аудара отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына нақты индикаторларды көрсете отырып, жастарды жұмыспен қамту бойынша жеке блокты енгізуді тапсырамын", — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы тұрақты жұмыс орындарын құру әкімдер мен салалық министрліктер жұмысының негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті.