Жаңалықтар тізбегі
0

Бекболат Тілеуханның келіні "ХАҚ" деген партия құрып жатыр

YouTube, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.11.2019 15:54 YouTube
Егер халық қаласа діни партия құруға болады. Халық қалаған жағдайда ғана. Конституцияға өзгерту енгізіп.

Ел ішінде Тоғжан Қожалиева саяси алаңда жаңа "ХАҚ" деген партия құрып жатыр деген әңгіме көтерілді. Анық-қанығын білмекке qazweek.kz тілшілері Тоғжан Қожалиевадан сұқбат алыпты.

– Сізді "ХАҚ" партиясын құрғалы жатыр деген әңгіме әлемжеліде желдей есіп жүр. Қаншалықты рас?

– Ол рас, біз "ХАҚ" партиясын құрғалы жатырмыз. Қазір соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ, біз оны әлі партия деп жарияламаймыз. Біздегі саясаткерлердің көбі қателік жібереді. Партия құрамыз деп жұртты жинап, пресс-конференция өткізеді. Бірақ, құрамыз деген сөзден басқа ештеңе жоқ. Не бағдарламасы жоқ, не жарғысы жоқ, не алдына қоятын мақсаттары мен жоспарлары жоқ. Сол қателікті қайталамас үшін біз қазір партияның бағдарламасы мен Жарғысын жасап жатырмыз. Біз партиямыз халыққа танымал болу үшін алдымен іспен дәлелдемекшіміз. Партияның ісі ел аузына іліге бастағанда партия құруға болады.

– Партияларыңыздың мақсаты қандай болмақ? Мысалы, Мэлс Елеусізовтікі жасылдар партиясы. Жамбыл Ахметбеков коммунистердің қамын күйттейді. Ал сіздердің бағыттарыңыз қандай?

– Мен неге партия құрамын деп шештім? Мен де жаздағы президент сайлауында бақылаушы болғанмын. Сонда байқағаным, халық Тоқаевқа оппозиция болған Қосановқа дауыс берді. Бірақ, менің түйгенім, ол жерде ол Қосанов бола ма, Иванов бола ма, жоқ Мырқымбаев бола ма халық жүйеге қарсы дауыс берді. Біздің партияның мақсаты – жүйені қалпына келтіру. Қазақстанның әрбір азаматының жағдайы жақсаруы үшін жүйені қалпына келтіруіміз қажет.

– Билікке оппозиция болмайсыздар?

– Біз олай бөлінбейміз. Жақсы болсын, жаман болсын биліктегілер өз қазағымыз. Сол сияқты билікке қарсы ДВК да өз қазағымыз. Біздің ең басты мақсатымыз конструктивті реформалар жүргізу. Біз билік пен халықтың ортасына көпірміз.

– Бірақ, қазіргі халықтың әлеуметтік жағдайы мен көңіл-күйін көріп отырсыз. Сіздер билік пен халықтың ортасына көпір боламыз дегендеріңізде халық қолдамай қоймайды ма?

– Егер, қай партия болсын іспен дәлелдесе, сол партияны халық қолдайды. Сондықтан, біз партияны жарияламай тұрып ісімізбен дәлелдейміз.

– "ХАҚ" партиясы діни партия болмай ма?

- Негізі заң бойынша діни партия құруға болмайды. Діни жағынан, ұлттық жағынан, жыныстық жағынан партия құруға рұқсат жоқ. Біз неге діни партия болып шектелуіміз керек? Біздің қатарымызда орыс та бар, еврей де бар. Кім Қазақстанның жағдайының жақсарғанын қалайды, біздің партияның есігі ашық. Біз оңшыл, солшыл, қызыл, жасыл деп өзімізді бөлмейміз. Біз халықтың партиясы болуға тырысамыз. Біз осы залда (ХАҚ-тың ғимаратында-ред) үлкен жиналыс өткіздік. 200-дей адам қатысты. 200 адам 11 бағыт ұсынды. Демократиялық өзгерістер, экологиялық жағдай, денсаулық саласы деген сияқты.

– Жаңадан құрылып жатқан жас партияға 11 бағыт ауыр емес пе?

– Біз бәрін қамтымай, ең өзектілерінен бастаймыз. Жаңағы 11 бағыттың ішінен ең өзектісі қайсы дегенде демократиялық жағдай болды. Біз отыз жыл бойы әуелі экономика, сосын барып саясат дедік. Отыз жылдан кейін барып әуелі саясат, яғни, идеология, сосын барып экономика екенін түсіндік. Егер әрбір азамат өзінің азаматтық құқығын біліп, сол құқығын талап ете білсе, елдің де жағдайы жақсарады. Мысалы, мен плакат ұстап митингке шығатын болсам, ертең мені полиция қудаламайтынына сенімді болуым керек. Мен мысалы, фирма ашып, тек қана заң аясында жұмыс жасасам, өз құқығымды қорғай білсем, ол фирмаға ақша сұрап полиция да, салық полициясы да, СЭС та келмейді. Мен ешкімнің "сауын сиыры" болмаймын деген сөз. Сол үшін құқықтық Қазақстан құруымыз қажет!

– Жұрт Сізді Бекболат Тілеухановтың келіні ретінде таниды. Сондықтан, осы құрылғалы жатқан партияның артында Тоғжанның қайын ағасы мен туысы Мұхамеджан Тазабеков тұр,- дейді. Тағы бір сәуегейлер Қайрат Сатыпалды тұр,- дейді. Партияның артында кім тұр?

– Біздің партияның артында тек қана өзіміз тұрмыз. Біз алаяқ, өзіндік көзқарасы жоқ адамдар емеспіз. Маған көп айтады, менің артымда қайынағам Бекболат Тілеуханов тұр,- деп. Өйткені келіндерімін ғой. Сатыпалды туралы бірінші рет естіп отырмын. Дариға да тұр деп те естимін. Халық саясаткер әйелге үйрене берсін деп Тоғжанға партия ашып беріпті-мыс. Мен Тимур Құлыбаевта сегіз жыл жұмыс істедім. Сондықтан, Құлыбаевтың да партиясы деп айтады. Дархан Кәлетаевпен түскен суреттеріме қарап, Тоқаевтың немесе АП-ның проектысы деп те айтады. Біз туралы аңыздар көп. Біз ешкімнің де жобасы емеспіз! Біз – Қазақстан халқының партиясымыз.

– Әлеуметтік желілерде Сіздің үйдің дастарханында Мұхамеджан Тазабековтың уағыз айтып отырған видеолары бар. Партияға Тазабековтың қатысы жоқ па?

– Ол кісі біздің туысқанымыз ғой. Ол кісілердің біздің партияға қатысы жоқ. Олардың көзқарастары бөлек. Менікі бөлек.

– Жаңа партия құру үшін тіркелуге, адам саны, әр облыс орталығынан партияның офисін ашуға "туыстарыңыз" көмектесетін шығар?

– Бір жанұяның ішіндегі көзқарастардың әртүрлілігін айтпағанда, бір қолдың саусақтарының өзі әртүрлі. Тілеухановтар әулеті ауызбіршілігі берік, үлгілі отбасы. Менің жанұямдағылардың бәрінің саяси көзқарасы менікімен бірдей деп айтуға келмейді. Мысалы, атамның саяси көзқарасы бөлек. Күйеуімнің саяси көзқарасы басқа. Менің көзқарасым бөлек. Мен келіндік әдебімді ұмытпаймын. Сәлемімді салып тұрамын. Олар менің көзқарасымды сыйлайды. Мен олардың көзқарасын сыйлаймын.

– Партия ең бірінші жұмысын неден бастайды?

– Біз "Азаматтық бастамалар коалициясы" деген коалиция құрғанбыз. Соған сай біздің декларациямыз бар. Біз қайырымдылық қорын аштық. Саяси тұтқындарға көмектесіп жатырмыз. Адвокаттармен, сәлем-сауқаттармен. Осы қайырымдылық қоры арқылы партия құрылмай жатып-ақ іске кірісіп кеттік. Біздің жасымыз әртүрлі, нәсіліміз әртүрлі. Бірақ, мақсатымыз біреу. Қазақстанды шынайы жаңарту.

– Партияның девизі қандай?

– Халыққа Адал Қызмет. ХАҚ!

– Кез-келген партияның мақсаты билікке бару, Парламентке бару. Егер партияңыз билікке барып жатса, тіпті партияның лидері президент болып жатса Қазақстанда дінге модернизация жасайсыздар ма?

– Мақсатымыз – билікке бару. Бірақ, біз Парламенттен емес, жергілікті басқару, мәслихаттан бастаймыз. Ал, дінге модернизацияға келсек, жоқ, біз осы қалыпты сақтаймыз. Зайырлы мемлекет боламыз. Біздің партиямызда әртүрлі ұлт өкілдері мен әртүрлі дін өкілдері бар.

– Сіздің өз көзқарасыңыз бойынша халқының 60 пайыздан астамы мұсылман Қазақстанда діни партияның тіркелгені дұрыс па?

– Егер халық қаласа діни партия құруға болады. Халық қалаған жағдайда ғана. Конституцияға өзгерту енгізіп. Бірақ, менің өз ойым, Қазақстанның зайырлы мемлекет болғаны дұрыс!

– Партияларыңызда халық танитын тұлғалардан кімдер бар?

- Біз әзірге жоспардың барлығын жасап жатырмыз. Қарашаның аяғында айтатын боламыз. Халыққа танымал адамдар бар.

– Партия қаржыны қайдан алады? Кім қаржыландырады?

– Кәсіпкерлер. Кәсіпкер болғанда менің кәсібім бар, күйеуімнің кәсібі бар.

– Қазақстанда партия құру өте қауіпті. Партия құрамын деген Ринат Зайытовты қамап тастады. Ертең осы партияңыз арқылы өзіңіздің, күйеуіңіздің бизнесіне зияны тиеді деп қорықпайсыз ба?

– Зияны әлден тие бастады. Қысымдар жасай бастады. Сәлем айтып та жатыр.

– Бір жазбаңызда қазақылығымды таптым депсіз. Қазақша енді үйреніп жүрсіз бе?

– Мен мектепті де, ЖОО-ны да қазақша бітірдім. Мәскеуде он бір жыл жұмыс істедім. Сол 11 жыл маған әсерін тигізді. Қазір қайтадан қазақшам қалпына келді.

– Қытай экспансиясына қарсы болып жатқан митингілерге көзқарасыңыз?

– Басты мәселе қытайларда емес. Инвестор керек. Ең басты мәселе өзіміздің коррупционерлерде. Ақшаны беретін кім, өзіміздікі. Қытайларды кіргізетін кім, өзіміздікілер. Қытайдан жұмысшы әкелетін агенттіктер пара алмаса, онда көп қытай кірмейді. Мысалы, менің білетінім бір ҚХР азаматын заңсыз кіргізгені үшін агеттіктер мың жарым доллар пара алады. Мен бір қытайлық фирмадан сұрағанмын. "Сендер неге сақтандыру үшін ақша сұрап жатырсыңдар" деп. Сол кезде маған: "Біздің черный кассамыз болмаса болмайды. Сендердің экология тексерушілері, охрана труда келеді. Соларға ақша береміз, олар үндемей кетіп қалады" деген.

– Қытайдан 55 зауыт кіреді деп жатыр. Сіз мұнай-газ саласында көп еңбек еттіңіз. Сол зауыттардың кіргені тиімді ме?

- Қытай жаңа технология, жаңа құрал-жабдықтармен келіп, өндірген өнімінің 50 пайызын Қазақстанға қалдырса, жергілікті жұмысшыларды көптеп алса тиімді. Ал, олар зауытын да, жұмысшыларын да өздері алып келіп, өнімдерін Қытайға қоя береді. Біздің жерімізді тек зауыт тұратын жер үшін ғана пайдаланады. Мысалы, Маңғыстау мұнай-газдың 50 пайыз жұмысшысы қытайлықтар, 50 пайызы қазақтар. Ал енді еуропалық батыстық "Шеврон", "ТШО", Қарашығанақ" оларда 90 пайыз жұмысшы қазақ. 10 пайыз жұмысшы еуропалық. Басшылардың 70 пайызы қазақ. 30 пайызы еуропалық. Басшылықты да болашақта 90/10 пайызға келтіру керек. Барлық зауыттарды осылардай 90/10 пайызға келтірсін. Оқытсын біздің жұмысшыларды. Бұны "кадрларды ұлттандыру" дейді.

– Сіз – әйел адамсыз. Қазақстанда әйелдер құқығы қаншалықты қорғалуда?

-Мен мұнай-газ саласында істегенде әйелдер клубын басқардым. Сонда тексеру жүргізгенде сол саладағы әкімшіліктің 60 пайызы әйелдер екен. Біз тәуелсіздік алғалы 30 жыл. Оның алдында 70 жыл КСРО құрамында болдық. Осы жүз жыл ішінде осы саладан бір әйел не медаль, не орден алмапты. Бірақ, осы мұнай-газ саласының 60 пайызы әйелдер. Мен кезінде Абу-Дабиге бардым. Энергетика саласында істейтін әйелдердің форумына. Басында ойладым. Қазақстан әйелдеріне бәріне рұқсат бар, ешқандай шектеу жоқ деп ойлағам. Ал ол жақта Ливан, Ливия, Кувейт, Катардан келген әйелдердің құқығы жоқ, басып тастаған деп ойлаймыз ғой. Қарасақ, Кувейтте мұнай-газ саласын басқаратын әйел адам екен. Көптеген бұрғылау-операциялық жұмыстарды басқаратын әйелдер екен. Ал, бізде операционкада, өндірісте бір әйел жоқ. Араб елдерінде бұл жағынан әйелдер көп. Сонда мен ойлағанмын, арабтар емес, біздің әйелдер көп басылыпты. Біздің елде әйелдер құқығы бар. Бірақ, соны білмейді, пайдаланбайды.

Сұхбаттасқан Оңғар Қабден

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: