Дүниежүзіндегі барлық қандасымызға қазақ куәлігі беріледі
Этникалық қазақтардың куәліктері бүкіл әлемдегі қандастарға Қазақстанда көптеген құқықты ел азаматтарымен тең жағдайда пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
"Қазақстанда әлемдегі қазақ диаспораларын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол этникалық қазақтарға арнайы куәліктер шығаруды қарастырады", – деп хабарлады "Отандастар" қорының бірінші вице-президенті Талғат Адуов.
"Диаспораларды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы дайындалуда. 2020 жылдың көктеміне қарай біз оны аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік бағдарлама ел басшылығы деңгейінде таныстырылады", – деді Талғат Адуов Омбыдағы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы аясында өткен бизнес-форумда.
Сонымен қатар 2020 жылдың көктемінде "Отандастар" қоры отандастар форумын өткізуді жоспарлап отыр, онда мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктері жария етіледі.
"Мемлекеттік бағдарламада жақсы тетіктер бар, мысалы, қазақтың куәлігі. Бұл шетелдегі қандастарымызға Қазақстанда саяси құқықтардан басқа көптеген құқықты біздің елдің азаматтарымен тең жағдайда пайдалануға мүмкіндік беретін құжат", – деді "Отандастар" қорының бірінші вице-президенті.
Қазақстан азаматтарының саяси құқықтарына қоғамдық ұйымдар құру, сайлаулар мен дауыс беруге, бейбіт жиналыстар мен митингілерге қатысу кіреді. "Отандастар" қоры 2017 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылды. Қордың мақсаты – әлемдегі отандастарға қолдау көрсету, қазақ диаспораларын біріктіру және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының рөлін күшейту.