Жамбыл облысында уақ малда бруцеллез ауруы – 83 пайызға кеміген
Жамбыл облысында соңғы 9 жыл ішінде ірі қара малдағы бруцеллез ауруы 86 пайызға кеміген. Сондай-ақ уақ малда бруцеллез ауруы – 83 пайызға төмендеді. Сол секілді облыс бойынша тұрғындар арасындағы бруцеллез дертіне шалдығу көрсеткіші 255 адамға азайды. Бұл мәліметтерді облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өңірдегі эпизоотиялық жағдайдың жай-күйі бойынша өткен жиында ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров мәлім етті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Жалпы облыста республикалық бюджет есебінен жыл санап эпизоотиялық іс-шараларға қарастырылатын қаражаттың көлемі де артып келеді. Өткен жыл бұл мақсатқа 1 миллиард 300 миллион теңге қаралған болса, биыл өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыруға 1 миллиард 500 миллион теңге бөлініп отыр. Мұнан бөлек жергілікті қазына есебінен мал ауруларына қарсы күресті жүйелі жүргізуге 388 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға қарсы егілетін вакциналар сатып алынды.
Бір сөзбен айтқанда облыста жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы вакцинация және аллергиялық зерттеулер 13 аурудың түрі бойынша диагностикалық зерттеулер 23 аурудың түрі бойынша жүргізіліп келеді.
Өз кезегінде өңір басшысы осы шараларды мейлінше нәтижелі етуге баса назар аударды. Мәселен бруцелез ауруына қарсы күрес жұмыстарына жыл сайын қарастырылатын қаражатты мейлінше оңтайландыру нәтижелі болмақ.
Атап айтқанда бұл мақсатқа жыл сайын қаржы бөліп отырғаннан гөрі оны түбегейлі жоюдың мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Бұл орайда жергілікті әкімдікке қалыптасқан эпизоотиялық ахуал жайындағы нақты мәліметті қажет етеді.
Сондықтан да өңірдегі ветеринарлық қызмет, зертхана мамандарына шынайы ақпара беруде ешқандай кедергі болмауы шарт. Мұнан бөлек салалық басқармаға бруцелезбен ауырған малдардың көзін жою, сою орындарын көбейту сынды жауапты тапсырмалар да жүктелді. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасына сай өңірдегі мал ауруларына қарсы вакциналарды егу жұмыстарының нәтижелігі мен эпизоотиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстау басқарма жұмысының басым бағыттарына айналмақ.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысында ветеринариялық іс-шараларды 160 ветеринариялық пунктері бар 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар атқаруда, кәсіпорындарда арнайы орта және жоғарғы білімді 887 ветеринар мамандар жұмыс жасауда.