Түркістан: "Turkistan media talks: БАҚ және трансформация" семинар-тимбилдинг өтті
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен "Turkistan media talks: БАҚ және трансформация" тақырыбында семинар-тимбилдинг өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Шара өңір журналистерінің біліктілігін көтеріп, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің халықпен және БАҚ өкілдерімен кері байланысын нығайтуды мақсат етті.
Табиғат аясында өткен тимбилдингке облыстың аудан, қалаларының ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығының директорлары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Еркін форматтағы шараға кәсіби мамандар, танымал спикерлер - Гарвард университетінің түлегі, "Мазмұндама" қорының төрағасы Шыңғыс Мұқан, Atameken TV интернет-маркетинг бөлімінің басшысы Жанасыл Болатбек,
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" басқарма төрағасының орынбасары Тулегенова Жанар Ермекқызы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесінің мүшесі, "Qazaqstan Team" Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тележурналист Асхат Садырбай дәріс оқып, қатысушылармен қызу пікір-талас ұйымдастырды.
Қатысушыларға мол мағлұмат берген тимбилдингте "Коммуникациялық менеджмент: SMM және мемлекеттік органдар", "Резонансты жағдайдағы "алтын сағат" ережесі", "Адамдардың жадында жатталып қалардай жаңалық жасау", "SMM және қызықты контент қалыптастыру", "Еріктілер жылында жастардың рөлі", "Жергілікті жерлерде мемлекеттік гранттық қаржыландыруды енгізу" тақырыптары қозғалды.