Елбасының Шығыстағы замандастары
Еліміздегі тарихи маңызы зор мейрамдардың бірі - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні. Айтулы күнге орай А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада аты республикаға танымал қоғам қайраткері Амангелді Қажыбайұлымен "Елбасының Шығыстағы замандастары" атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Шараның мақсаты: тәуелсіз елдің тұғырын бекітуге атсалысқан аға ұрпақ өкілдерін ұлықтау, аға ұрпақ пен кіші ұрпақ арасындағы сабақтастық жібін бекіте түсу.
Амангелді Қажыбаев – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы уығын қадасып, Елбасы саясатын іске асыруға үлес қосқан танымал мемлекет және қоғам қайраткері. Кездесу барысында А. Қажыбайұлы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың еңбек жолы, шығыс өңіріне сапарлары жайлы тамаша естеліктермен бөлісті. Біз білетін Елбасының қарапайым кісілік келбетіне тоқталды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы саясатын қолдап, шығыстың экономикасы мен мәдениетін көтеруге атсалысқан - Қазақстанның тұңғыш Халық Қаһарманы Ахат Күленов, Еңбек Ері Бағдат Шаяхметов, қоғам қайраткері Төлеухан Қоғабаев, облыс басшысы қызметін атқарған Виталий Метте, "аңыз адам" Бошай Кітапбаев т.б. ардагер ағалар құрметпен еске алынды.
Амангелді Қажыбайұлының замандастары облыстық ардагерлер алқасының төрағасы А.Шерубаев, еңбек ардагері А.Бакин, Тарбағатай аудандық мәслихатының хатшысы С. Жақаев және Президент инаугурациясына қатысқан ҚР Мәдениет қайраткері Нәбиолда Кемешев сынды азаматтар ақжарма тілектерін білдіріп, облысқа танымал ақсақал Б.Мұрсалимов ел ағасына ақ батасын берді.
Қалалық ардагерлер Кеңесімен бірлесіп өткізген шараның жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол. Кездесуді ҚР мәдениет қайраткері, қалалық ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов жүргізді.
Байланысшы: Абылгазинова Гульбаршын, тел.261 333