Министрлік Ақтөбедегі шаруалар мәселесіне қатысты ресми түсініктеме берді
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақтөбе облысының мал өсіретін кейбір шаруалардың наразылығына қатысты ақпараттар бойынша министрліктің ресми ұстанымын жариялады, деп хабарлады zakon.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аталмыш жарияланған ақпараттар негізгі, маңызды фактілерге сүйене отырып жазылмағандықтан бұл мәселе бойынша қоғамда қате пікірлер мен түсінбеушілік орын алуы мүмкін екендігіне назар аудартады.
"Бұл ретте бірінші кезекте ағымдағы жылдың желтоқсан айының басында ҚР Үкіметінің шешімі бойынша саладағы инвестициялық субсидияға қажет 28,5 млрд теңге сомасындағы берешек толық жабылған. Сондай-ақ 2019 жылғы 3 желтоқсан күні ҚР Үкіметі жақын арада мал шаруашылығын субсидиялауға қажет 36,8 млрд теңге, сондай-ақ инвестициялық субсидиялар бойынша 11,7 млрд теңге сомасындағы қалған қарыздарды жабу туралы шешім қабылдады. Былтырғы жылдан бері жиналған бұл берешектерді толық өтеу туралы ақпарат отандық шаруаларға өңірлік жергілікті атқарушы билік органдарының ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы қосымша жеткізілді. Ал кейбір қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған бұл мәселелер шаруалардың жеке сипаттағы мәселелері болып табылады", - делінген хабарламада.
Олардың бірі - "Торговый дом "Камагро" ЖШҚ-ның асыл тұқымды малдарды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамау мәселесіне қатысты.
Бүгінгі таңда елімізге Чехия Республикасынан асыл тұқымды мал ретінде коммерциялық (тұқымсыз) малдарды кіргізудің бірнеше фактілері тіркелген. Бұл малдар заңсыз қолдан жасалған асыл тұқымдық куәліктермен және белгіленген үлгілерге сәйкес емес ветеринарлық сертификаттармен рәсімделген. Осындай әдіспен Қазақстан еліне отандық 15 шаруа қожалықтары мал кіргізген. Олар Чехия Республикасынан асыл тұқымды ет бағытындағы ірі қара малды әкелу туралы (жалпы сомасы 1,5 млн еуро, 1,3 мың бас ірі қара) "Торговый дом "Камагро" ЖШҚ (Татарстан Республикасы) мен келісімшартқа отырған. Туындаған мәселені шешуде көмек көрсету үшін аталмыш шаруа қожалықтары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтініш берген. Шаруалардың қатарында "Есбол" шаруа қожалығының басшысы Мұхамбетхан Карсаков та бар, ол татар компаниясымен 5,3 млн рубль сомасына 56 бас сатып алуға келісімшарт жасаған.
2019 жылғы 28 қараша күні шаруалардың өтініштерін қарастырып, оларға көмек көрсету мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы Қазан қаласына арнайы барып, Татарстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің өкілдерімен және "Торговый Дом "Камагро" ЖШҚ құрылтайшысымен кездесу өткізді. Тараптар бір-бірін тыңдап, ортақ келісімге келді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Татарстан Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігі қазақстандық фермерлерге қаражатты толық қайтаруға ат салысу мақсатында "Торговый Дом "Камагро" ЖШҚ қызметіне қатысты қаржылық бақылау жүргізуге, сондай-ақ компанияға қатысты қылмыстық іс пен соттық іс-әрекеттерді қайта жаңдандыруға көмек көрсететіндерін жеткізді.
Сонымен қатар "ҚазАгро" АҚ ұлттық басқарушы холдингі" тарапынан істің сотта қарастырылатын уақытына дейін шаруалардың алған несиелері бойынша төлемдерді кейінге шегеру шаралары қарастырылған. Жануарларды әкелу шарттарына қатысты: Қазақстан Республикасының аумағына жануарларды аса қауіпті аурулары бойынша қолайлы кез келген жерлерден кіргізуге рұқсат беріледі. Өзге жағдайда, әкелуге тыйым салынады.
Осы ретте Республика аумағына жануарлар ауруларының таралуының алдын алу және одан қорғау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан Ресей мемлекетінің ірі қара мал аурулары бойынша қолайсыз өңірлерінен жануарлар мен өнімдерді алып келуге уақытша шектеулер енгізілді: – Нодулярлық дерматит бойынша Ресейден (Астрахан, Омбы, Орынбор, Курган, Новосибирск, Самар, Саратов, Свердлов, Түмен және Челябинск облыстары, Краснодар және Ставрополь өлкесі, Дагестан, Ингушетия, Калмыкия және Удмуртия); – Аусыл бойынша Ресейден (Владимир облысы, Башқұртстан, Забайкальский, Приморский және Хабаровск өлкесі). Сонымен қатар тұрақсыз эпизоотиялық ахуалға байланысты Қазақстан аумағына алыс және жақын шетелдерден жануарларды әкелуге шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін айтылды.
Ал Чехия Республикасының жануарлардың заңсыз құжаттарын беру фактілеріне қатысты тергеу амалдарын жүргізуіне байланысты 2019 жылғы 7 маусымнан бастап бұл мемлекеттен Қазақстанға мал әкелуге уақытша тиым салынған.
"Сондықтан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы 11 және 12 желтоқсанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттардағы мал өсіретін шаруалардың проблемалық мәселелерін шешу үшін министрлік тарапынан алдын ала барлық заңды, тиімді әрі толық шаралар қарастырды", - делінген хабарламада.