Алматыда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жаңадан тағайындалды
Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Тілеухан Әбілдаев Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жаңа басшысын өз ұжымына таныстырды.
Ол бұған дейін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы филиалының директоры қызметін атқарған.
Айта кетсек, Алматы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшысы Қанат Төсекбаев 11 қыркүйекте өз еркімен қызметінен кетті.
Тілеухан Әбілдаев 1962 жылы 6 қарашада дүниеге келген. 1985 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірді.
Еңбек жолын 1983 жылы №2 Алматы клиникалық ауруханасында бастаған. Осы жылдар ішінде ол хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі, Талас орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері, Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры, түберкулез проблемалары орталығының директоры, "Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы" РМҚ бас директорының орынбасары, Алматы қалалық медициналық қызметке ақы төлеу комитеті департаментінің бастығы болды.
2016 - 2017 жылдары Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасын басқарды. 2018 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалының директоры болып тағайындалды.