Түркістан облысындағы балалар үйінің бүлдіршіндері шаттық шуағына кенелді
Балалар – бұл әрбір шаңырақтың шамшырағы, қоғамның құнды қазынасы, ертеңгі күннің тірегі, әрі келер келешектің келбеті. Оларға қоғам болып қолдау көрсету, әрі жан жылуына бөлеу – адам болмысындағы құнды қасиет парасаттылықтың жарқын көрінісі.
Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен құрылған "Мейірімділік нұры" акциясы шеңберінде Арыс қаласындағы "Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының" жасөспірімдерімен "Қош келдің, Жаңа жыл!" мерекелік шарасы атап өтілді.
Мерекелік шараның негізгі мақсаты – балаларды шаттық шуағына бөлеп, көтеріңкі-күйге кенелту және айрықша көңіл бөлу арқылы олардың өмірге деген ынта-жігерін арттыру.
Ізгілікке толы мерекелік шарада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев сөз алып, балалар ауылының тәрбиеленушілеріне жүрекжарды ыстық лебізін білдірді.
Жаңа жылдық шыршаның шамы жағылған көңілді кеште талантты балалар үздік сахналық қойылымдарын қойып, мазмұнға толы жыр-дестелерін оқыды.
Бұлбұл дауысты бүлдіршіндер әуелете ән салып, қырмызы қыздар мың бұрала би биледі.
Балалардың шат күлкісіне бөленген кеште Арыс қаласының әкімі Мұрат Болатұлы аталған балалар ауылының директоры Меруерт Суюндиковаға айрықша алғыс айтып, тәрбиеленушілердің жаңа жылда жарқын жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.
Шаттыққа толы шара барысында шат-шадыман күй кешкен балақайлар Өскемен қаласында орналасқан "Үміт" балалар үйінің тәрбиеленушілерімен телэкран арқылы тікелей байланысқа шығып, айтулы мерекемен құттықтауға және ақжолтай тілектері мен ыстық ықыластарын білдіруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, "Үміт" балалар үйінің түлектері мерекелік шараға арнайы қонақ болып, бүлдіршіндерге арнайы жаңа жылдық тосынсыйын тарту етті.
Безендірілген биік шыршаны айнала билеген балғындар Аяз ата қоржынынан дәм татып, есте қалар ғажайып сәттің куәсі болды.
Айта кетсек, қыркүйек айынан бастап 62-жеткіншекті өз қамқорлығына алған Департамент қызметкерлері қоғамның құнды бөлшегі – балаларға тәтті сыйлықтарын үлестіріп, оларды әркез қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.