Қаскелеңдегі газ жарылысына үй иесін кінәлі еткелі отыр
Алматы облысында екі адам өлген газ жарылысының себебін мамандар әлі анықтай алмай отыр, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
5-ші және 4-ші қабаты опырылып түскен үйді арнайы комиссия тексеруде. Қабырғалардың күл-талқанын шығарған жантүршігерлік жарылыста бұдан көп адам қаза болуы мүмкін екен. Тұрғындар газ құрылғыларынан тараған өткір иісті алдын ала сезіп, дер кезінде далаға шығып үлгерген.
Нұрсұлу Айымбетова газ жарылған пәтердің иесі. Ол кезде әйел жұмыста болыпты. Сол күні 14 жастағы ұлын да өзімен бірге алып кеткен екен. Оқыс оқиғадан өкінішке қарай, екі бірдей көршісі көз жұмды. 10 жастағы бала іргелес ас үйде ұйықтап жатқан. Оның үстіне ас үйдің қабырғасы құлады. Ал екінші көршісі опырылған зал қабырғасының астында бастырылып қалған. 82 жастағы әжейді дәрігерлер аман алып қала алмады. Мең-зең күйге түскен келіншек енді қайтерін білмей отыр. Себебі, екі адам өмірін жалмаған жарылысқа оны кінәлап жатқанға ұқсайды.
Нұрсұлу Айымбетова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Үйде жарылыс болғаннан кейін, сіз бір нәрсе қосқансыз, анамынау дейді. Мен ондай нәрсеге өте мұқиятпын. Барлық нәрсені өшіремін. Пеш тұр ғой! Егер газ келіп, газым қосылып тұрып, пештен болатын болса, анау жарылатын еді.
Газды өшіргенін айтып шыр-пыр болған келіншек екі апта бойында үйінде көгілдір отынның әлсіз келіп тұрғанын айтады. Ол бойынша жауапты мекемеге барып шағымданған да екен. Айтуынша, мамандар тексеруге сол күйі келмеген.
Ал жарылыс болған бес қабаттағы үйдің астындағы пәтердің сау-тамтығы қалмаған. Оқиға кезінде бөлмеде 10 жастағы бала теледидар қарап отырыпты. Абырой болғанда, оқушы дер кезінде жүгіріп қашып шыққан.
Андрей Ташлыков, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Ұлым жүгіріп, есіктен шығып үлгерді. Отбасымды құтақару үшін кіреберістегі есікті сындырып ішке кірдім. Сөйтіп енем екеуін далаға шығардым.
Андрей Ташлыков жарылыста аман қалған тұрғындардың бірі. Апат кезінде ол подьезден шыққан беті екен. Жарылыстан оны аулаға дейін лақтырып жіберген. Жалпы, жарылыс болған үйдің тұрғындары бірауыздан өткір газ иісін сезгенін айтады. Бұл жайтты олар ұялы телефондарына да түсіріп алған.
Ерлан Молдабергенов, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Комфоркалар жабық тұр, бірақ газ шығып жатыр. Қатты шығып жатыр. Ой, құрысын деп далаға шығып кеткенбіз, шықсақ, көп адам үйінен қашып шығыпты. Газдың иісі бар, не болып жатыр деп. Газдың қысымы неліктен сонша үлкен болады...
Бұл сұрақтың жауабын әкімдіктер де әлі білмейді. Айтуларынша, сол күні қаланың көп жерінде газ өшіп қалған.
Бақдәулет Тәліпов, Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Бізде тек сондай ғана ақпарат болды, бір жерлерде газ болмады деген. Пәтерлерді толық жөндеп, ішіндегі жиһазына дейін өзіміз әкімшілік тарапынан көмектесіп, қалпына келтіріп береміз.
Ал зардап шеккен алты адам әлі де ауруханада. Біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жарақат алғандардың арасында қайтыс болған баланың анасы да бар.