Жаңалықтар тізбегі
0

2020 жылы дәрігерлер мен әскерилер ақшаның астында қалуы мүмкін

видеодан кадр, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.01.2020 18:45 видеодан кадр
Биыл ауыл шаруашылығы үшін де қолайлы жыл.

10 қаңтарда, яғни ертең ай тұтылады. Жылдың басындағы табиғи құбылысқа астрологтар өздерінше болжам жасап отыр. Жалпы, 2020 жылы әлемде, елімізде қандай елеулі оқиғалар болады?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұрын бақсы, сәуегей, көрікпел дейтін. Қазір оларды нумеролог, астролог, психологтар алмастырды. Ай бұрын, жыл бұрын болжап-біліп отыратын жандар 2020 жылға қатысты да өздерінің көрген-білгендерін айтып жатыр. Қаңтардың 10-ынан 11-іне қараған түні ай тұтылуы ықтимал. Бұл құбылысты Еуропа мен Азия, Африка мен Австралия құрлығының тұрғындары байқауы мүмкін.

Камилла Дэви, астролог:

"Осы жылдың соңына қарай жақсы жаңалықтар, нәтижелер көп болады. Ал бірақ жылдың басында ерекше құбылыстар болады. Мәселен, 10-қаңтарда ай тұтылады. Кейбір адамдарда сол күндері көңіл-күйінде өзгерістер болуы ықтимал. Оның бірден бір себебі осы табиғи құбылысқа байланысты".

Жалпы, 2020 жылы әлемде маңызды оқиғалар аз емес. Әсіресе, көрерменнің тағатсыздана күтетіні Токио Олимпиадасы. 4 жылда бір өтетін дүбірлі дода биыл Жапония астанасында ұйымдастырылмақ. Қазақстан бойынша 13 спорт түрінен 28 лицензия бар. Сондай-ақ, әлем назарын өзіне аударатын тағы бір шара Дубайда өтетін Экспо көрмесі. Оған қатысатын мемлекеттер арасында Қазақстан да бар. Қазақ елі дүниежүзілік шараға 9 миллиард теңгедей қаражат жұмсағалы отыр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграциялар министрі:

"Павильонды дайындау үшін алдыңғы жылдары бюджеттен шамамен 9 млрд теңге бөлінген. Павильон көрмеден кейін бұзылып, осы қаражат есебінен Қазақстанға тасымалданып, қайта құрастырылады. Бәлкім Нұр-Сұлтанда, бәлкім өңірлердің бірінде павильон ретінде жұмысын жалғастырады".


Биыл тұңғыш рет АҚШ-та онлайн түрде халық санағы жүргізілмек. Айтпақшы, біздің мемлекетте де тұрғындарды түгендеу шарасы өтеді. Тек Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде тұтас ұйымдастырылады. 2015 жылы осындай шешім қабылданған болатын. Санақ биыл қазан айында жүргізіледі. Бірақ қалай өтеді, ол жағы әзірге белгісіз.

Тұрсынхан Закен, тарихшы:

"Оны өте тиянақты өткізу керек. Бұрынғыдай, жол ортадан оған бөлінген қаржыны ысырап қылып, жең ұшынан жалғасып, ішіп-жеп, қалтаға басатын жағдай болмаса екен деп ойлаймын".


Иә, тарихшының алаңдауы бекер емес. Биыл Алтын Орданың 750 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150, ал Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы. Бұл атаулы шараларды тек айтыспен, ат шабыспен, конференциямен шектемесе екен, дейді ғалым.

Тұрсынхан Закен, тарихшы:

"Осыны бір науқан қылмай-ақ, шынайы қарастырсақ деп ойлаймын. Той жасап, далада ат шауып, ақындар айтысымен өтіп кетсе одан ештеңе болмайды. Сіңімі болмайды оның. Кез-келген шараның қоғамдық өнімі болуы керек".

Нумерологтар Презденттің тапсырмасын, Үкіметтің айналасындағы жаңалықтарды жібермей қарай ма екен, әйтеуір осы жылы дәрігерлер мен әскерилердің жалақысы өсіп, ақшаның астында қалуы мүмкін дейді. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығы үшін де қолайлы жыл екен.

Құралай Бақыт, нумеролог:

"Ауыл шаруашылығы өте жақсы өнім беріп, халықтың экономикалық жағдайының жақсаруына үлесін қосып, бір тұрақтылыққа келеді. Нумерология бойынша көп миграция болуы керек. Өзіміздің ата жұртқа қазақтарымыз Еуропа, Қытай елдерінен оралады деп осы жылы 2020-да күтеміз. Сонымен қатар осы 2020 жылы әскери салада және медицина саласында жүрген мамандардың жалақысы көбеюі керек".

Бұдан бөлек дәстүрлі шараларда ұйымдастырылады. Мәселен, биыл Көкшетау Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы болады. Шекара мәселесіне арналған жиын бір жылы көршілерде, бір жылы бізде өтіп тұрады. Сондай-ақ, астанада Дүниежүзілік сауда ұйымының конференциясын өткізу жоспарлануда. Неде болса, болашақты болжағандардан табиғи апат пен төтенше жағдай, саяси қақтығыстар туралы жаман сөз естіген жоқпыз. Тәубе!

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: