Әлемнің ешбір елі коронавирус деп Қытаймен шекарасын жапқан жоқ
![газета.ру, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.01.2020 21:50](https://kaz.zakon.kz/pbi/WEBP/2023-12-20/file-a8f51c69-7530-4ca6-95ee-97e50d3d881e/800x452.webp)
Қытаймен арадағы шекарасын әлемнің ешбір мемлекеті жапқан жоқ. Тіпті короновирус кіріп кеткен жағдай анықталып жатса да. Сол себепті Қытаймен арадағы әуе қатынасына шектеу жасалмайды. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтанда қалалық Тауар мен қызметтер сапасын бақылау департаменті жетекшісінің м.а. Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
– Қытаймен арадағы шекарасын әлемнің ешбір мемлекеті жапқан жоқ. Оның ішінде коронавирус кіріп кеткен жағдайлар тіркелген мемлекеттер де. Бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияның тарауын бақылауды күшейтудің шаралары бірдей жүргізілуде, – деді ол.
Бейсенованың айтуынша, вирусты бақылау ең алдымен Қытайдан келетін адамдарды бақылаудан басталады. Сол себепті ұшақтан түскен барлық жолаушылардың дене қызуын бақылау күшейтілген.
– Дене қызуы жоғары адамдар анықталған жағдайда оларды тексеруге алып кетеміз. Ең бастысы, бір Нұр-Сұлтанға соңғы 20 күннің ішінде келген тұлғалардың бәріне мониторинг жүргіземіз, денсаулығын анықтаймыз. Бұл жұмыс күнделікті жүргізілуде, – деді Бейсенова.
Қазақстан астанасына келген шетелдіктердің тізімін, тұратын жері мен жұмыс орны туралы мәліметтерін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ҚР ІІМ береді.
– Біз коронавирус белгілерін дер кезінде анықтау үшін келген шетелдіктердің денсаулығын 14 күн бойы бақылауға тиістіміз. Бірақ инкубациялық кезең тура соңғы күні аяқталуы да мүмкін, сондықтан әрбір тұлғамен жеке жұмыс істейміз, – деп қосты ол.
Айта кетсек, 2011 жылдан бастап қазірге дейін Қазақстанда коронавирустық инфекцияға шалдыққан ешбір науқас тіркелмеген. Коронавирус Қазақстанда 2002 және 2011 жылы тіркелді.