Зейнетақы ақшасын пайдалану үшін кемінде 7 млн жиналуы керек
Зейнетақы ақшасын зейнет жасына жетпей жатып пайдалану үшін қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы шотында кемінде 7 млн теңге жиналуы керек, деп мәлімдеді Сенаттағы дөңгелек үстелде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, деп хабарлайды zakon.kz.
Олардың есептеуінше, әйелдер үшін бұл шекті меже жоғары болады, сәйкесінше кемінде 9 миллион теңге жиналуы керек.
- Әркімнің өзіндік нақты сомасы болады. Көбірек алуға да болады. Мысалы, 30 жастағы ер адамды алайық: БЖЗҚ оның жеткіліктілік межесін 6 миллион 695 мың деп есептесе, бұл оның 33 жастан 63 жасқа дейін әлі де жарна аударатынын білдіреді. Сосын жинақтаушы жүйеден тағы 17 жылға елдегі ең төменгі зейнетақыдан кем емес төлемдер алуға жеткілікті болуы тиіс. Қазір ең төменгі зейнетақы 38 636 теңге. Әрине, әйелдер үшін жеткіліктілік шегі жоғары болады. Бұл әйелдердің зейнет жасынан кейінгі өмір сүру жасы 5 жылға жоғары болуымен – 22 жыл болуымен байланысты. Әрине, зейнеткерлік жасқа дейін тағы 22 жылдың сомасын жинақтау үшін тым үлкен ақша қажет. Сондықтан, 30 жасында еркектің шотында 6,7 миллион теңге жиналуы тиіс болса, сондай жастағы әйел үшін жеткіліктілік шегі 9,6 миллион болуы керек, - деді Нұрымбетов.
2019 жылдың қарашасында "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағындағы ақшасының есебінен баспананы тек салымшылардың аздаған бөлігі ғана ала алатынын айтқан.
Оның айтуынша, зейнетке шыққан сәтте қазақстандық азаматтың жалақысының 70% мөлшерінде зейнетақы алуға мүмкіндік беретін жинақ сомасы болуы керек.
Алайда, статистика ондай мөлшердегі зейнетақы жинақтары салымшылардың аз ғана бөлігінде бар екенін көрсетеді.
- Сондықтан, қазір талқыланып жатқан тетік, ол тек жеткілікті жинақ ақшасы бар салымшылардың аздаған бөлігіне ғана қатысты, - деп түсіндірген еді Ибрагимова.
2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында қазақстандықтарға үй сатып алу немесе білім алу үшін зейнет жасына жеткенін күтпей-ақ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруді ұсынған еді.