Білім беру жүйесін құлдыратып, болашаққа балта шаптық – депутаттар
"Халық коммунистері" фракциясы білім беруді дамытуға арналған екі бағдарламаның негізгі мақсаттарының орындалмағанын шынайы түрде мойындап, сауаттылықтың төмендеуі мен жалпы білім сапасының нашарлауын тоқтататын дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеуді бастау керек деп есептейді, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істей бастады. Бұл барлық саладағы прогреске тікелей байланысы бар ең маңызды құжат. Барлық саланың ішінде индустрияландыру да, ауыл шаруашылығы да, әлеуметтік даму да бар. Бұл біздің болашағымыз. Ал оның жарқын болуы үшін өткенге мұқият талдау қажет.
"Халық коммунистері" фракциясы білім беру саласында атқарылған жұмыстардың орындалуы үстірт қана талданған деп санайды. 2016-2019 жылдарға арналған бұған дейінгі бағдарламаның орындалуы 92%-ға бағаланды. Мұндай бағалау 12 индикаторға, 71 көрсеткішке негізделген. Іс-шаралар саны бойынша бағдарлама 100% орындалды.
Иә, қағаз жүзінде бәрі орындалды. Бірақ негізгі мақсатқа қол жеткіздік деп айта аламыз ба? Негізгі мақсат деп отырғанымыз мыналар: білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, тұрақты экономикалық өсу үшін адами капиталды дамыту.
Адами капиталды дамыту, бірінші кезекте, әсіресе жас ұрпақтың сауаттылығын арттыру деген сөз. Ал қалған индекстер мен көрсеткіштер тек көмекші құрал болып қана табылады.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері оқушыларының халықаралық салыстырмалы зерттеулердегі нәтижелерін жақсартуды мақсат етті. Сонымен, студенттердің оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасында (PISA) Қазақстан 40-45 орында тұруы керек еді. Бұл – негізгі көрсеткіш. Өйткені ол студенттердің математикалық, ғылыми, оқу сауаттылығындағы іргелі дайындығын бағалайды.
Соңында бәрі мемлекеттік бағдарламаны мерзімінен бұрын тоқтатумен аяқталды. Оның орнына 2016-2019 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылданды. Аталған бағдарламада біз тілге тиек етіп отырған мақсатты индикаторлар алынып тасталды.
Соңғы рейтингтің қорытындылары бойынша, біздің нәтижелер айтарлықтай нашарлады. Қазақстан математика бойынша 78 елдің ішінде 54-орында, ал жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша 69-шы орында тұр.
Оқушылардың ақпараттық және компьютерлік сауаттылығы (ICILS), ересектердің сауаттылығы (PIAAC) бойынша да соңғы орындарда тұрмыз.
Шындығына келсек, адами капиталды дамытудың орнына керісінше процесс жүріп жатыр. Сауаттылық төмендеуде. Ауылдық жерлерде де, өндірісте де жас мамандарды даярлау деңгейінің төмендеуі ең өзекті проблемаға айналды.
Адам капиталының экономиканың тұрақтылығына қосатын үлесі туралы айтудың қажеті шамалы. 2019 жылы Қазақстан жаһандық инновациялар индексінде 2018 жылмен салыстырғанда 5 позициядан айырылып, 79 орынға тұрақтады.
Тарихи тұрғыдан Қазақстанның артықшылығы біліктілігі жоғары еңбек ресурстары, халықтың жалпы сауаттылығы болды. Біз осыны жоғалтып алдық.
Осылайша мемлекет дарынды жастардың шет ел асуын өздері ынталандырып отыр. Білім беру жүйесіндегі деградация ауқымын көріп отырған ата-аналар балаларын шетелге оқуға жіберіп жатыр.
Біз әрбір отбасы үшін маңызды құндылықтардың бірі болған білім беру жүйесін құлдырату арқылы еліміздің болашағына балта шауып отырмыз.
Орташа жалақы мөлшері бойынша Қазақстан әлемде 74 орында тұр. Сауаттылық жағынан да осындай деңгейде тұрмыз. Білім мен ғылымға жұмсалатын шығындардың үнемі өсуіне қарамастан, біз арзан және біліктілігі төмен жұмыс күші басым елге айналып барамыз. Шындығында, біз үздік отыздыққа кірудің орнына дамушы елдердің қатарынан төмен қарай жылыстап келеміз.
Бұл дабыл қағарлықтай тенденция. Оны техникалық бағдарлама өзгерте алмайды. Сонымен қатар, ол әлемдік тәжірибелер мен модельдердің барлық түрін енгізуге талпыныс жасайтын бұған дейінгі бағдарламалардың жалпы бағытын үнемі өзгерістер енгізе отырып, жалғастырады.
"Халық коммунистері" фракциясы білім беруді дамытуға арналған екі бағдарламаның негізгі мақсаттарының орындалмағанын шынайы түрде мойындап, сауаттылықтың төмендеуі мен жалпы білім сапасының нашарлауын тоқтататын дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеуді бастау керек деп есептейді.
Депутаттық сауалды қарастырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында көрсетілген мерзім ішінде қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
"Халық коммунистері" фракциясының депутаттары:
А. Қоңыров, Ж. Ахметбеков, Г. Баймаханова, В. Косарев, М. Магеррамов, И. Смирнова, Т. Сыздықов.