Мамин жасанды зердені қолданудан Қазақстанға түсетін болжамды табыс көлемін атады
Қазақстанда жасанды зердені қолданудан болатын жалпы экономикалық тиімділік жылына шамамен 25 млрд долларды құрауы мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин "Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы" форумында айтты, деп хабарлайды zakon.kz Үкіметтің ресми ресурсына сілтеме жасап.
Форум басталмастан бұрын Үкімет басшысы шараның арнайы шақырылған қонағы – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф. Хохшильдпен кездесу өткізді, онда БҰҰ цифрлық күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның аймақта цифрландыру мен инновацияларды ілгерілетудегі рөлі талқыланды.
"Деректер мен жасанды зерде негізінде тұрақты аймақты құру" тақырыбындағы форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде ҚР Премьер-Министрі Қазақстанда жасанды зердені қолданудан болатын жалпы экономикалық тиімділік жылына шамамен 25 млрд долларды құрауы мүмкін екенін атап өтті.
Ең үлкен нәтиже қызмет көрсету саласында – жылына 15 млрд долларға дейін, және тау-кен өндіру саласында – 9 млрд долларға дейін күтілуде. Astana Hub халықаралық АT-стартаптардың технопаркі инновациялық орталық болуға шақырылады, оның негізінде "Alem" АT бағдарламалау мектебі оқытудың заманауи тәсілдері мен әдістерін қолдана отырып жұмыс істейді.
"2019 жылдың қыркүйегінде біз инновациялық АT-университетті аштық. Қазіргі уақытта АТ-университеттің Amazon және UNICEF секілді алдыңғы қатарлы АT компаниялармен және даму институттарымен ынтымақтастық мәселесі пысықталуда. “Астана” халықаралық қаржы орталығы негізінде бағдарламалаушыларды дайындауға маманданған Qwazar компаниясымен бірге инновациялық бағдарламалау мектебін ашу жоспарлануда", — деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Дүниежүзілік экономикалық форуммен (ДЭФ) бірлесіп "Астана" халықаралық қаржы орталығы базасында ДЭФ Төртінші өнеркәсіптік революция орталығын іске қосу туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өтті. Ол осы жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.
Премьер-Министр Қазақстанда Smart Data Ukimet жобасы аясында жасанды зерде технологияларын пайдалану бойынша алғашқы қадамдар жасалғанын атап өтті. Назарбаев Университетінің базасында Смарт жүйелер және жасанды зерде институты құрылды.
"Назарбаев Университетінің қолда бар әлеуеті негізінде, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, өз зертханасы, деректерді өңдеу зерттеу орталығы және жасанды зердені дамыту жөніндегі ғылыми паркі бар Жасанды зерде ұлттық кластерін құру жоспарлануда. Барлық салаларда және ірі компанияларда жасанды зердені енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр", — деді Мамин.
Үкімет басшысы жасанды зерде технологияларын дамытуға қолайлы жағдайлар жасау үшін ЕАЭО аясында үйлестірілген шараларды қабылдаудың қажеттігін атап өтті.
"Жалпы стандарттар мен ережелерді әзірлеу, деректермен алмасу және интеграция саласындағы саясатты әзірлеу, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуда белсенді өзара іс-қимылды орнату маңызды", — деді Асқар Мамин.
Премьер-Министр көлік және логистика саласында жасанды зердені қолдану транзиттік бағыттарды оңтайландыруға ықпал ететінін, кеден саласында шекаралардан өту уақытын жеделдететінін, саудада көлеңкелі және контрафактілік айналым көлемін азайтатынын атап өтті.
Форумның пленарлық сессиясына Беларусь Премьер-Министрі С. Румас, Ресей Премьер-Министрі М. Мишустин, Молдова Премьер-Министрі И. Кику, Қырғызстан Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Разаков және Армения Премьер-Министрінің орынбасары М. Григорян, ЕЭК Алқасының төрағасы Т. Саркисян, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф. Хохшильд, "Amazon Web Services" үкіметті трансформациялау жөніндегі директоры Л. Максвелл, "01 Edu system" негізін қалаушы Н. Садирак және Ұлыбритания Мемлекеттік цифрлық қызметінің директоры К. Фергюсон қатысты.
ЕАЭО мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары "Қала үшін ең үздік АТ-шешім", "Үздік стартап-жоба", "Big Data – жыл компаниясы", "Мемлекеттік сектордағы үздік АТ-жоба", "АТ-дағы жыл әйелі", "Жылдың АT-чемпионы" номинацияларында "Digital Almaty Awards" байқауының жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етті.
Форумға қатысушылар құқық қорғау, қаржы-банк, білім беру және медициналық салалардағы үдерістерді автоматтандыру және цифрландыру бойынша Қазақстанның АТ-компаниялары мен стартап жобаларының көрмесімен танысты.