Ашықбаев Помпеоның қарсы алу кезіндегі дипломаттардың киіміне қатысты түсінік берді
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоны спорттық күрте мен құлақшын киіп күтіп аламыз деп сөзге қалған дипломаттар сынның орынды екенін айтты. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев та сол делегацияның құрамында болған, деп хабарлайды Atameken Business.
Олардың айтуынша, 2 қаңтарда қатты аяз болған. Сондықтан министрлік қызметкерлері құрметті қонақты күтіп алуға барынша жылы киініп барған. Дипломат ел назары ресми кездесуге емес, олардың үстіндегі киімге ауғанына қапалы.
Ержан Ашықбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Айтылған сындар орынды. Ол күні ауа-райының жағдайына байланысты осылай киінді. Оның ішінде мен де бармын. Бұл мәселеде оның мәнінен гөрі сәні алдыңғы жаққа шығып кетті. Негізі, жасалған сапардың мәніне мән берген әлдеқайда жөн болар.
Мұнысы рас. Әлеуметтік желіде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысын қарсы алған дипломаттардың қалың киініп, қолын қалтарына салып алған кейпін такси жүргізушілеріне ұқсатқандар да табылып жатыр.