Қордайдағы қақтығысқа контрабандаға талас себеп болды
Қордайдағы қақтығысқа контробанда үшін талас себеп болған. Ауданға сапарлап барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді елең еткізген оқиғаның бұрын айталмаған себебін ашты. Десе де дүнген диаспорасының өкілдері қазақ халқынан кешірім сұрады. Ауылдағы өзге ақсақалдар барлығын бірдей жазаламауды өтінді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Алғыс айту күнін Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайда өткізді. Өзі айтқандай тойлау үшін емес, елді есеңгіреткен қақтығыстан кейінгі жағдаймен танысу үшін барды. Жамбылға сапары аясында жергілікті дүңген диаспорасымен де жолығып қайтуды мақсат етіпті. Әңгіме барысында оларды мемлекеттік тілге құрмет көрсету керектігіне мән берді.
"Я очень хорошо понимаю дунганский язык. Могу читать и даже говорить. Вот написано Чунь Тьян. Это означает весна. Очень важно чтобы люди знали государственный язык. Особенно живя в этой сельской местности. Қазақша білу керек".
Мұндай қауырт кездесуге ақпандағы қақтығыс түрткі болғаны белгілі. Оқиғадан сабақ алу керек деген ортақ ой айтылып, дүнген ақсақалы кешірім сұрап сөз алды.
Шисыр Динласон, Қордай ауданының құрметті азаматы:
"Болған оқиға бәріміз үшін өкінішті жағдай. Біз сізден кешірім сұраймыз! Біз әлі осы жақта өмір сүреміз, ел игілігі үшін жұмыс істейміз".
Бұған дейін қақтығысқа жол ережесінің бұзылуы себеп болды деп айтылып келіп еді. Басқа да тұрмыстық факторлар болғаны жарияланған. Жергілікті тұрғындармен кездесуі кезінде Мемлекет басшысы мәселе шекарадағы контробандадан туындаған деп, мүлде басқа нұсқаны жария етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
"Ауданда бір топ адам белсенді түрде контробандамен айналысып жүр. Осы іске басқа топ та қатысқысы келеді екен. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында теке-тірес пайда болды. Бұл теке-тірестің салдарынан көп адамдар зардап шекті 11 адам қаза тапты".
Аталған қылмыстық топтармен күрес күшейетін секілді. Бірқатар мәселелердің барын біле тұра шара қыла алмаған полиция басшылығы ауысқан қазір. Тергеуге енді басқаша көзқарас болатын секілді. Осыған қарай жергілікті ақсақалдар "шаш ал десе, бас алуға" жол берілмесе екен деп тілеп отыр.
Әбдібек Сейілханов, Қордай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
"Қазіргі жастар албырт. Шапқылап әлгі ішінде жүрді әйтеуір қатыспаса да. Соның барлығы енді түгеліменен істі болып кетпесе екен деп ойлаймыз. Себебі, жастар біздің келешегіміз. Олар істі болмай аздап заң әділдігіне қарап соны дұрыстап бағалап, соған баға берсе екен".
Полиция ғана емес, облыс басшылығы да алмасқан еді. Президент бұл ретте тәжірибесі мол Сапарбаевтың алдында қандай міндет тұрғанын ауыл жұртшылығына тағы бір қайталап айтып кетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
"Бұл азаматты сіздер жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат қақтығысқа, тұрақсыздыққа әкелген жағдайлардың бәрін түбегейлі жою және өңірдің дамуына жаңа серпін беру".
Қордайдағы жаппай қақтығыста 11 адам көз жұмып, 170-тей азаматқа дәрігерлік көмек көрсетілген. 6 адам әлі де ем қабылдап жатыр. Оқиғадан бір айдай уақыт өтсе де, нақты келтірілген шығын көлемі әлі айтылмай отыр. Тергеу аяқталған соң белгілі болады дейді Тек 39 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан мен 50-ге жуық көлік отқа оранғаны туралы ғана ақпарат бар.