Коронавирусқа байланысты оқушылардың демалыс кестесіне өзгеріс енгізіле ме - БҒМ жауабы
ҚР Білім және ғылым министрлігі коронавирус қаупіне байланысты Қазақстандағы балалардың оқу кестесі өзгеріс енгізілуі жайына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды zakon.kz.
Sputnik хабарлағандай, министрлік коронавирусқа байланысты мектепте сабақтар тоқтатылады деген ақпаратты жоққа шығарды.
Әлеуметтік желіде мектептерде сабақ уақытша тоқтатылады деп тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Егер оқу сабақтарының кестесін өзгерту туралы шешім қабылданса, бұл ақпарат министрліктің ресми ресурстарына орналастырылады және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ресми түрде таратылады, делінген хабарламада.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 337 "Орта білім беру ұйымдарында 2019-2020 оқу жылының басталуын, ұзақтығы мен демалыс кезеңдерін анықтау туралы" бұйрығына сәйкес, оқушылар 2020 жылдың 21 наурызынан бастап 2 сәуірге дейін демалады.
Оқу кестесінде ешқандай өзгерістер жоқ. Біз тек бұқаралық іс-шараларды өткізуді барынша азайтуға кеңес береміз. Бұл, ең алдымен, балалардың мүддесі үшін жасалады, ал ата-аналарға бұл жайтқа түсіністікпен қарау керек. Бұл алдын-алу шаралары, - деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова.
Сонымен қатар, коронавирустың таралуын болдырмау үшін қажетті шараларды қабылдау үшін қазақстандық студенттер мен оқытушылар академиялық сапарлармен уақытша шетелге шықпайды.