Алматыда базарлар жаппай жабылғалы жатқан жоқ - әкімдік
Әлеуметтік желіде 10 наурыздан бастап Алматыдағы барлық базарлар жабылып, соған байланысты супермаркеттер азық-түлік бағасын көтереді деген ақпарат тарауда. Алматы әкімдігі бұл қауесеттерді жоққа шығарып, алматылықтарға негізсіз дүрбелеңге түспеуді, дүкенге лап қойып, қажетсіз толқуды тудырмауды өтінді, деп хабарлайды zakon.kz.
Қала билігі көрінеу жалған ақпарат тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Қазіргі уақытта WhatsApp мессенджері арқылы 10 наурызда коронавирустың кесірінен Алматыдағы базарлар жабылады деген ақпарат тарауда.
Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды. Қалалық базарлар бұрынғыдай қалыпта жұмыс істейтін болады, - деді Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасындағылар.
Оған қоса, Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелмегенін, Үкімет жаңа инфекцияның біздің елімізге енуіне жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдап жатқанын еске сала кетеміз.