Дариға Назарбаева елдегі былғары мен жүннің тапшылығына алаңдайды
Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің ұйымдастыруымен "Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнестің даму болашағы" тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды zakon.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева кіріспе сөзінде жеңіл өнеркәсіп –өнеркәсіптегі ең проблемалы сектор екенін және экономикада өңдеуші саланың айрықша басымдықта болуына байланысты бұл сала көп уақыт бойы назардан тыс қалып келгенін атап өтті.
"Жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндіктерінің бірі болып табылады. Жеңіл өнеркәсіп – әлеуметтік маңызға ие сала. Ол халықтың, әсіресе әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді", - деді Сенат басшысы.
Парламенттік тыңдау алдындағы жағдайды талдау жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы бірқатар кедергілерді анықтауға мүмкіндік берді. Оның ішінде өндірістің қымбаттығы, қажетті жабдықтардың жоқтығы, шикізат тапшылығы, мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің төмендігі, жеңіл өнеркәсіп үшін сенімді келешектің жоқтығы, кәсіпкерлердің барлық күш-жігерін жоққа шығаратын көлеңкелі импорттың болғаны аталып өтілді.
Сенат Төрағасы қазіргі кезде еліміздегі жеңіл өнеркәсіпке көбінесе ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отырғанын айта келіп, кәсіпорындар соның есебінен жұмысын жалғастырып келе жатқанына тоқталды.
"Мен бәсеке тым күшті, жарысқа түсудің еш мағынасы жоқ, ал күш-жігерімізді анағұрлым болашағы бар салаларға жұмсау керек деген пікірді талай естідім. Шын мәнісінде осылай ма? Бірден ұлттық жеңіл өнеркәсіптен бас тартып, импортқа, яғни шетелдік өндірушілердің еркіне жығыла салған орынды ма? Ол қадамның дұрыс емес екеніне сенімдімін", - деді Д.Назарбаева.
Сенат Төрағасының айтуынша, басты проблема жергілікті шикізаттың, ең алдымен былғары мен жүннің тапшылығы болып отыр. Шикізат проблемасы агроөнеркәсіп кешені алдына жаңа міндеттер қояды.
"Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында жеңіл өнеркәсіптің шикізат базасын дамыту бойынша тиісті шаралар қарастыру қажет", - деді ол.
Талқылауда сөз алған депутат Манап Көбенов жеңіл өнеркәсіп жағдайына макроэкономикалық тұрғыда баға берді.
"Біз қазір жеңіл өнеркәсіп экономикалық қауіпсіздікті, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын білеміз, шағын бизнестің қалыптасуы мен дамуына ықпал етеді", - деді сенатор. "Сондықтан жеңіл өнеркәсіп ахуалы бүгінгі күнгі макроэкономикалық мәселе".
М.Көбенов жеңіл өнеркәсіпті өңдеу өнеркәсібінің жеке түрі ретінде заңнамалық деңгейде бөлуді ұсынды.
"Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жауапты жеке мемлекеттік орган құру мәселесін қарау қажеттігі туындап отыр. Тіпті министрлік құрамына кіретін комитет деңгейінде болса да", - деді ол.
Кәсіпкер Сәуле Шауенова жеңіл өнеркәсіпті дамыту тақырыбын жалғастыра отырып, өзіміздің шикізат базамыз бен шикізатты өңдеу кешенін дамыту мен қалыптастыруды, шикізатпен қамтамасыз ету сапасын арттыруды, жоғары дәрежелі жартылай фабрикаттарды дамытуды басым шаралар ретінде атап өтті.
Өңдеуші өнеркәсіп одағының атқарушы директоры Әділбек Бектібаев өз сөзінде мемлекеттік тапсырыстарды беру тәсілдерін қайта қарауды және сертификаттау кезінде жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
Дизайнер Мәди Сыпатаев саланы дамытудың бір жолы ретінде AliExpress сияқты интернет-коммерцияға арналған алаңдарды пайдалану арқылы қазақстандық киімді сату нарығын кеңейтуді ұсынды.
Дариға Назарбаева өзінің қорытынды сөзінде дәл қазіргі жағдайда жеңіл өнеркәсіп саласы технологиялық және қаржылық тұрғыда толыққанды дамуға дайын емес екенін атап өтті.
"Саланы дамытудың ұзақ мерзімді, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасымен тығыз үйлестірілген, заңдармен, тұрақты қағидалармен және қаржымен қамтамасыз етілген бағдарламасын қабылдау керек. Ол құжатта шикізат базасын дамыту, мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндігі бар кәсіпорындардың бірігуін, кластерлердің, консорциумдардың құрылуын, тиімді салааралық байланыстардың орнатылуын ынталандыру туралы шаралар көзделуі тиіс. "Кеткен қателіктер түзетілуі керек. Саланы кооперациясыз көтере алмаймыз", - деді Д.Назарбаева.
Д.Назарбаева саланы қолдау мен дамыту шаралары ретінде шағын және орта бизнес кәсіпорындарына кәсіби біліктілік деңгейін арттыруға, нысаналы қайта оқытуға көмектесу, сондай-ақ салық, ақша-несие және кеден саясатын жетілдіруге, нарықты қорғауға және контрабандаға қарсы күреске көмек көрсетуді атап өтті.
"Контрабанда мен контрафакт, бірінші кезекте шағын және орта бизнеске жасалған индустриялық соққы, бұл оларды бәсекеге қабілетсіз етеді. Мұндай жасанды әрі сапасыз өнімдерден тұтынушылар зардап шегеді. Әсіресе, контрабанда арқылы елімізге балаларға арналған сапасыз, тіпті олардың денсаулығына қауіпті тауарлардың келетіні қатты алаңдатады", - деп атап өтті Сенат басшысы.
Дариға Назарбаева тыңдауды қорытындылай келіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасымен тығыз байланыстырылған жаңа Агроөнеркәсіп кешені бағдарламасын жасау туралы бірлескен комиссия құруды ұсынды.
Сонымен қатар Сенат жанынан құрылған Агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңестің қызмет аясын жеңіл және химия өнеркәсібімен кеңейту ұсынылды.