Жаңалықтар тізбегі
0

"Мамай" – саяси технологтар жасаған күрделі жоба

zhasalash.kz, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.03.2020 17:22 zhasalash.kz
"Мамай" жобасын о бастан алаң жұртқа, көшеге бағыттау жоспарланған - БАҚ.

Жоба жас саясаткер Жанболат Мамайға демократия атауымен партия (ҚДП) құрғызып, сол арқылы алдағы парламент сайлауының көрігін қыздыру үшін псевдо-бәсеке жасауды мақсат тұтпайды. Мұны Жанболат Мамай мен оның белсенді әйелі Инга Иманбай да, жоғарыдан түсірілген құпия жобаның оппозициядағы "сұрқай кардиналы" Төлеген Жүкеев те жасырып отыр, деп жазыпты "Жас Алаш" газеті, деп хабарлайды zakon.kz.

Жоба жалғыз-жарым саяси технологтың "Қосанов" жобасы сияқты аяқасты, апыл-ғұпыл асығыс ойлап тапқаны емес. "Мамай" – саяси технологтардың ұжымдасып жасаған күрделі жобасы. Осы ретте, оппозицияның ала-құла әртектілігін, басы бірікпейтін шашыраңқы күйін айта келе, биліктің де тұтасып тұрған монолит емес екенін ескерген жөн. Алғашында оппозицияшыл партия құруға әрекеттеніп жатқан Ж.Мамай төңірегінде болып жатқан аумалы-төкпелі оқиғаға дөп басып баға берудің қиындығы да осында болатын. Дегенмен 22 ақпанға жоспарланған партия съезінің алдында болған оқиғалар "Мамай" жобасына қандай мақсат қойылғаны жөнінде нақты болжам жасауға жол ашып берді.

ҚДП-ға аймақтардан жақтастар іздеп, партияның құрылтай съезіне делегаттар дайындау ісімен Инга Иманбай айналысты, ал процесті полицияның пробациялық бақылауына алынған Жанболат Мамай үйінде отырып үйлестірді. Олардың айтуынша, облыстардың бәрінде партия штабтарын құруға жергілікті билік кедергі жасап бақты. Соған қарамастан, мамайшылар аймақтағы жиындарын сәтті өтікізді. Бұл ерлі-зайыпты жас саясаткерлердің қайсарлығы және іскерлігі деп бағаланды. Қоғамдық пікір осылайша бірсыдырғы кете беруші еді, бірақ әлеуметтік желіде жарияланған құпия жазылған аудио "Мамай – биліктің жобасы" екенін тағы бір рет дәлелдегендей болған. Аудиожазбада Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының лауазымды екі қызметкері аймақтағы жастар альянсының жетекшісін ортаға алып, оны партия құруға күш салып жатқан Жанболат Мамайды қолдауға мәжбүрлеп жатқаны сөз болады. Бұл оқиға "Мамай" – биліктің жобасы" деген күдікті тағы да күшейте түсті. Бұдан кейін былайғы жұрт "ҚДП құрылтай съезін өткізіп, партия құжаттарын әділет министрлігіне ресми тіркеуге жібереді, жұмыстың бәрі жоғарыдан сызылып берілген сценарий бойынша жасалып жатыр" деп ойлаған. Ж.Мамай мен оның жақтастары жер-жерден делегаттар жасақталып, олардың Алматыда өтетін ҚДП съезіне келуге дайын екенін хабарлап жатты.

Съезд белгіленген мерзім таяғанда, 22 ақпанға 4-5 күн қалғанда аймақтардағы белсенділерге жергілікті әкімдіктер қысым көрсетіп, делегаттардың сапарға шығуына кедергіні күшейтті. Олардың кейбірі бұған дейін жасаған заңбұзушылығы бойынша әкімшілік жазаға ұшырады, бірнеше тәулікке қамалғандар да бар.

Заң талаптарына сәйкес, партия құру үшін құрылтай съезіне 1000-нан астам делегат қатысуы және оның үштен екісі аймақтардан келу тиіс. Онсыз құрылтай съезі партия құру жөнінде шешім шығара алмайды. Жағдайдың ушығып, құрылтай съезде кворум жинай алмайтынын түсінген Жанболат Мамай мен оның жақтастары жұртты 22 ақпанда митинг өткізуге шақырған. Дәл сол күні сот шешімімен Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылып, ел аумағында тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жетекшісі М.Әблязов те митинг өткізуді айтып жүрген еді. Бұл ахуалды тіпті ушықтырып жіберердей ауан қалыптастырған. Дегенмен Ж.Мамай мен И.Иманбай бар, олардың Алматыдағы аса белсенді жақтастары бар, қарсылық акциясын 21 ақпанда бастап кетті. Полициямен арадағы алыс-жұлыстың нәтижесі Ж.Мамай мен оның аса белсенді бір-екі жақтасының қамауға алынуымен тынды. Мұның 22 ақпандағы митингіге кері әсері болды, халық наразылыққа қатысуға қорқасоқтап қалды, көшеге көп адам шыққан жоқ.

Осы тұста Алматы облысы Қарасай аудандық сотының шешімімен пробация шартын бұзған Ж.Мамайдың үш тәулікке ғана әкімшілік қамауға алынғанын айта кеткен жөн. Дәл осы жазаны сұраған прокурордың кенеттен райынан қайтып, апелляциялық шағым жасау арқылы Ж.Мамай жазасын бір тәулікке азайтып, оны тездетіп бостандыққа шығарып жіберуі де күмән туғызады. Егер Ж.Мамайды оның кейбір белсенді жақтастары секілді 15 тәулікке қамап қойғанда, ол 1 наурыздағы митингіге темір тордың ар жағынан қарап отырушы еді.

"Мамайдың" қандай жоба екенін айтпас бұрын, 29 ақпандағы ахуалды еске ала кетейік. Түс ауа Ж.Мамай әлеуметтік желіге шығып алып, Қарасай ауданы территориясында орналасқан үйін торуылдап жүргендер жөнінде, өзінің үйден шықса, қамауға алынатынын айтып байбаламға басып, жұрттың үрейін туғызды. Бұл дабыраны ертесіне есік алдына шыққан Инга Иманбай күшейтіп, әлеуметтік желіде тікелей хабар таратып жатты. Жұрттың назары қуыстағы көшедегі Мамай үйінің маңында болып жатқан оқиғаға ауды. Нәтижесі белгілі – алаңдар мен орталық көшеге наразылыққа шыққан адамдар санаулы болды, көпшілік тікелей эфирге көз тігіп, ерлі-зайыпты Жанболат пен Инга басынан өткеріп жатқан "теперішті тағдырды" қызықтап үйінде отырды.

Жоғарыда айтылған жайтты сараптай келе, төмендегідей болжам айтуға болады. "Мамай" – "2-ші Қосанов" емес. Жас саясаткер Жанболат Мамайға оппозициялық партия тіркеуге мүмкіндік берілмейді. Себебі билік үшін оның қажеті жоқ. Алдағы парламент сайлауында саяси бәсекелестік жасап, оппозицияның рөлін ойнайтын ресми тіркеудегі партия бар, ол – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП).

"Мамай" жобасын о бастан алаң жұртқа, көшеге бағыттау жоспарланған. Ол ішкі қысымы күшейген қазанның буын әлсін-әлсін шығарып тұратын клапанның рөлін атқаруы тиіс. Әрине, "Мамай" ұңғыл-шұңғылы көп, күрделі жоба болған соң, биліктің барлық тармағы оны түгел түсінбей қалады. Ерлі-зайыпты саясаткерлер мен полицияның арасында болып тұратын кейбір кикілжіңнің, асыра сілтеген әрекеттің себебі де осында. Десек те, мұның бәрі жобаға аса зиян келтіріп жатқан жоқ, қайта саяси ойынды қоғамға тартымды етіп көрсетіп тұр.

Ораз Әлімбек

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: