Нығматулин митингілер туралы заң жобасын құптап отыр
Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды zakon.kz.
Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар, парламенттік емес партиялар, ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның өкілдері бірлесіп жұмыс атқарған жаңа жобасы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес келетінін атап өтті.
Отырыс барысында депутаттар бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, бейбіт жиналыстарды өткізетін арнайы орындар мәселесі.
Осы ретте Мәжіліс Төрағасы:
- Меніңше, біздің депутаттарымыз енгізген ұсыныс өте орынды. Себебі, бейбіт жиынды ұйымдастырушылар үшін барлық жағдай жасалу керек. Арнайы жиын өтетін орындар туралы ақпараттар да ашық болу керек. Әйтпесе, ол орын бос па, бос емес па олар қайдан біледі? Сондықтан, әкімдік өз сайтында, жаңа айтылғандай, бос орындар туралы ақпаратты толық орналастыру керек. Бұл қай жақтан алып қарасаң да пайдалы және тиімді, - деді.
Сонымен қатар, депутаттар бейбіт жиналыс өткізу туралы хабардар ету мерзіміне ерекше назар аударды. Мәжілісмендердің пікірінше, үкіметтік нұсқада ұсынылған мерзімдер қысқартылуы тиіс. Бұл норма екінші оқылымға дейін пысықталатын болады.
Депутаттардың пікірінше, қолданыстағы БАҚ туралы Заңның нормаларын қайталайтын журналистердің құқықтары туралы үкіметтік нұсқада ұсынылған нормаларды қайта қарау қажет.
Әзірлеушілердің, сондай-ақ ІІМ өкілдерінің түсініктемелерін тыңдағаннан кейін мәжілісмендер нормалар санын қысқарту мен пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.
Талқылауды қорытындылай келе Нұрлан Нығматулин заң жобасының үкіметтік нұсқасы түрлі алаңдарда, соның ішінде өңірлерде талқыланғаннан кейін елеулі өзгерістерге ұшырағанына тоқталды. Бұдан басқа, екінші оқылымға дейін жұмыс тобы түзетулер мен толықтырулардың соңғы редакцияларын пысықтауы тиіс.
Мәжіліс Төрағасы бұл митингілер туралы заң жобасы халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына сәйкес келетінін айтып, заң жобасы жиналыстар мен митингілерді ұйымдастыру мен өткізудің қолданыстағы тәжірибесін түбегейлі өзгертетініне және азаматтардың құқықтары мен олардың жиналыстар мен митингілерді өткізу кезіндегі жауапкершіліктерінің оңтайлы үйлесімін қамтамасыз етуге назар аударды.