Елде тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылады
Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламаларының операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Заң жобасын депутаттар Президент тапсырмасы бойынша әзірледі. Мәжілісмен Сапар Ахметовтің айтуынша, бүгінде тұрғын үй саясаты саласында 7 оператор бір уақытта жұмыс істеп отыр.
– Құжат "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ, "Бәйтерек девелопмент" АҚ және "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ тұрғын үй құрылысы операторларын біріктіріп, олардың қайталанатын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығындарды азайтуға бағытталған, – деді ол.
Оның айтуынша, Бірыңғай оператор көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға кепілдік бере отырып, үлескерлердің құқығын қорғау тетіктерін пайдаланады.
Сондай-ақ, депутат жұмыс істеп тұрған 7 оператордың неге тек үшеуі ғана біріктірілетінін түсіндірді.
– Жүргізілген талдау нәтижесінде олардың функциялары қайталанатыны белгілі болды, сондықтан олар бір оператор болып біріктіріледі. Қалған төртеуі бойынша, олар Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – оның салымшылары мен үлескерлері бар. Қазір бұл банк өзінің рейтингін жақсартуда және халыққа сапалы қызмет көрсетеді. Сондықтан бұл банк жұмысын жалғастырады. Баспана ипотекалық компаниясы – Ұлттық банктің еншілес ұйымы. Компания бұдан бұрын берілген ипотекалық қарыздарды қайтару жұмыстарын жалғастырады. "Самұрық-Қазына Констракшн" компаниясы – бір жыл бұрын құрылыс саласындағы жұмысын тоқтатты, қазір "Самұрық-Қазына" аясындағы өндірістік жобалармен айналысады. Ал "Даму" қоры – бұрын банк несиелерін субсидиялаумен айналысқан. Бірақ Бірыңғай оператор пайда болғаннан кейін "Даму" тұрғын үй құрылысына қатысы жоқ салалардағы өз қызметін жалғастырады, – деді Ахметов.
Мәжілістің қорытындысында айтылғандай, заң жобасы ҚР 3 кодексіне және 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынады және "тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы" ұғымын енгізуді көздейді. Бірыңғай оператор –жарғылық капиталына мемлекеттің тікелей немесе жанама қатысы бар ипотекалық ұйым, ипотекалық несиелеу тетіктері арқылы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қол жетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асырады, сонымен қатар құрылыс индустриясы үшін қаржылық ресурстардың қол жетімділігін қамтамасыз етеді.
Заң жобасы сондай-ақ Бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторының ипотекалық тұрғын үй заемдарына кепілдік беру, көп пәтерлі тұрғын үй құрылысының аяқталуына кепілдік беру және инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру қызметін реттейтін нормаларды қарастырады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің комитеттері аталған заң жобасы бойынша оң қорытындыларын ұсынды.