"Оның айтқаны шындық" – Nur Otan Толқынайдың жағына шықты
Меркі аудандық ауруханасының медициналық персоналына коронавирусқа қарсы қорғаныс құралдары берілмегені расталды. Вирус жұқтырып алған инфекционист дәрігер Толқынай Ордабаева шындықты айтқан, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұған дейін коронавирус жұқтырған дәрігер Толқынай Ордабаева Меркі ауданындағы аурухана басшылығының қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпегенін, маскалар тіккізіп, артық жұмысқа жеккеніне шағымданған. Бұл, оның айтуынша, иммунитетінің төмендеуіне әкелді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жағдайды анықтауды тапсырды. Қызметтік тергеу басталған.
Бүгін, 9 сәуірде Nur Otan баспасөз қызметі партиялық комиссия өз тексеруін өткізгенін хабарлады.
Дәрігер жазған фактілер расталды. Меркі ауруханасының әкімшілігі шынымен де медициналық қызметкерлерді маска тігуге мәжбүрлеген болып шықты. Бұл дәрігерлердің қызметтік міндеттеріне кірмейді. Сондай-ақ, жұмыста маскалар мен қорғаныс құралдары берілмеген.
Nur Otan аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбеков пен аудан әкімінің денсаулық сақтау жөніндегі орынбасары Марат Қасымды "партиялық жауапкершілікке" тартты.
Аудан басшылығы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ендігәрі мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы ескертіліп, өз міндеттерін дұрыс атқару жөнінде тапсырма берілді, делінген партияның хабарламасында.