Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы шалғай ауылдарды аралап жүр
ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов Түркістан облысы Келес ауданында жұмыс сапармен болды. Сапар барысында ол елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың легімен танысты, деп хабарлайды Отырар.
Мемлекеттік инспектор ең алдымен "Қазақстан Халық банкі" аудандық филиалында болып, жұмыс барысын бақылады. Банк ғимаратының халыққа қолайсыз жерде орналасқанын айтып, жаңа ғимарат салу мәселесін көтерді. Көлік көп өтетін күре жолдың бойында орналасқан ғимаратты көшіру керектігін ескертті.
Халық арасында медициналық маска мен антисептиктерге сұраныс жоғары болғандықтан Серік Қожаниязов аудан орталығындағы дәріханаларды аралап, ондағы жағдайды тексерді. Жағдай тұрақты. Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев жергілікті кәсіпкерлерлердің көмегімен, еріктілердің атсалысуымен, қорда қосымша 50 мыңдай бетперденің бар екенін атап өтті.
Мемлекеттік инспектор аудандық "Қазпошта" мен жұмыспен қамту орталығын және бірқатар сауда орындарын аралап, ондағы сақтық шараларының сақталуын тексерді. Жауаптыларға тиісті тапсырма берді.
Сондай-ақ ол интернет жүйесі жетпеген Өзбекстан Республикасымен шекаралас жатқан 4 ауылдық округінің 10 елді мекен халқының мәселесімен танысты. Ондағы 20 мыңға жуық халықтың мәселесін Серік Қожаниязов жеке бақылауына алатын болды.