Теңіз кенішінен 3 мыңға жуық адам шығарылды
Теңіз кенішінен ТШО және өзге де мердігер компаниялардың жұмысшыларын уақытша шығару жалғасуда. Жалпы кеніштен 17 мың адам шығарылады. Оның ішінде 7191 адам Атырау облысының тұрғындары, деп хабарлайды "Ақ жайық" басылымы Атырау облысында төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штабқа сілтеме жасап.
16 сәуірден бастап Теңіз кенішінен 2868 жұмысшы шықты. Оның ішінде, 1619 адам Атырау облысының тұрғындары. Қазір Батыс Қазақстан облысына — 283, Түркістан облысына - 241, Қызылорда облысына — 166, Жамбыл облысына – 103, Ақтөбе облысына – 455 адам жеткізілді.
Жұмысшылардың бәрі кеніш аумағынан шықпастан бұрын COVID-19 инфекциясына міндетті сынама тапсырды. Қазір ТШО компаниясы жұмысшыларды тұрақты мекен- жайына жеткенге дейінгі барлық жол шығындарын өз есебінен жүзеге асырып отыр. Ол үшін компания тарапынан автобус, әуе және теміржол көліктері бөлінген.
ТШО-ның хабарлауынша, кен орнынан өндіріске тікелей қатысы жоқ жұмысшылар ғана шығарылуда. Қазір ол жердегі өндірістік қызмет қалыпты режимде жалғасуда.
Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.