Павлодар ауданында мешіттің құрылыс жұмыстарына 5 миллион теңге жиналды
Он екі айдың сұлтаны, қасиетті де берекелі Рамазан айында Павлодар ауданына қарасты Чернорецк ауылындағы Абу Шахман мешітінде көптен күткен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қажетті қаражат округ тұрғындарымен небәрі екі-үш айда жиналған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жергілікті имам Бауыржан Әленнің айтуынша, бұрын "Қарттар үйі" ретінде салынып, пайдаланылған нысанның тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде құрдымға кетпесі үшін сол кездегі кеңшар басшысы Сапарғали Байболатов халыққа мешіт ретінде пайдалануға берген. Сөйтіп, 1996 жылдан бері біртіндеп кеңейіп, ел тұрғындарының арқасында жыртығы жамалып келген. Биыл мешіттің 25 жылдығы қарсаңында өскелең ұрпаққа ертеңгі күні рухани орын қызметін атқаратын Алла үйінің құрылыс жұмыстарына қаражат жинап, қажетті қалыпқа келтірейік деген Бауыржан имамның үндеуімен осы жердің тумалары – ел қадірлейтін Сапарғали Байболатов, Еділ Шахманов, Мүкәрам Байзақов сынды атпал азаматтар бас болып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
– Сапарғали ағамыз 2007 жылы өз қаражатына 200 орындық асхана салып, содан бері жабдықтар осында өткізіліп отырады, – дейді Бауыржан Әлен.
– Абырой болғанда, карантинге дейін қажетті құрылыс материалдарын сатып алып үлгердік. Алла үйінің қоршауы жөнделіп, алдына кесек тастар төселетін болады. Бүгінгі таңда мешіт сырты кірпішпен қаланып, көркейе түсуде. Бұрын төбесінен жауын, қар суы ағып, әуре-сарсаңға түсетін едік. Енді шатыры қапталып, үш жерден күмбез және екі жерден минарет орнатылмақ. Артқы жағына 100 орындық асхана салынуда. Аталыш ауылдық округке төрт ауыл – Чернорецк, Достық, Пресное және Қаракөл қарайтындықтан, жабдықтар кезінде 200 орындық асханада тарлық етеді.
– Енді үлкен және кіші екі зал халық игілігіне жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ 16 метрлік ас үй жабдықталады. Оған қоса, киім шешетін орын, қол жуатын жер, дәретхана салынады. Бұған дейін асханаға мешіт арқылы өтіп келген жұрт енді ар жағынан бөлек есіктен кіретін болады. Бұл – Алла үйінің таза тұруы үшін өте қажет дүние. Ал мешіт ішінде әзірге ешқандай жөндеу жұмыстары жоспарда жоқ, оған қаражат жетпейді, - дейді имам. Құрылыс жұмыстарын негізінен округ тұрғындарынан құралған арнайы бригада атқаруда. Жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асуда. Бауыржан Әлен Осылай жалғаса берсе, мамырдың ортасы, маусым айының басында жұмыстар аяқталып қалатынын айтады. Кезінде қадірлі азамат, молда болған Абу Шахман атасының атындағы мешіттің құрылыс жұмыстарына ең кіші немересі Еділ Шахманов та атсалысуда.
- Атам дүниеден озғанда мен 2-сыныпта оқитын едім, – дейді ол. – Арабша хат таныған атам бес уақыт намазын қаза қылмай, ораза тұтып, асыл дінімізді берік ұстанған, елде молдалық қызмет еткен. Сондықтан халық құрметтеп, мешітке атын беріп, есімін мәңгілік етті. Округке қарасты Достық ауылында, атамның шаңырағында тұрамын. Намаз оқымасам да, соңғы екі-үш жыл ораза ұстап жүрмін. Ауыл азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сауапты іске жұдырықтай жұмылғандары үшін алғысымды білдіремін. Барлығы болашақ ұрпақ үшін жасалып жатыр, сол игі ісімізге Алла жар болғай. – Белгіленген мөлшері жоқ, кім қанша бере алады, жағдайына байланысты беруде. Біз кез келген көмекке қуанамыз, - дейді Бауыржан Әлен.
- Карантинге дейін мешітке күнделікті он шақты адам келіп-кетіп тұрған, ал Рамазан айында тарауық, жұма намаздарына жиналатын халық қарасы қалың болады. 150 және 50 адамға арналған залдар лық толатын. Елдегі жағдайға байланысты мешіт есіктері жабылып, өз үйлерінен дұға-тілектерін тілеп жатқан жамағаттың ниеттері қабыл болып, Алла Тағала бұл сынақтан абыроймен шығуға нәсіп еткей! Аталмыш мешітте 1999 жылдан бері, 22 жыл адал қызмет етіп келетін ол - осы жердің жанашырларының бірі.
2005 жылы Сапарғали Қожахметұлының қаржыландыруымен Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеп келген.