Жаңалықтар тізбегі
0

Карантинде тұрмыстық зорлық-зомбылық күрт өсті – Назарбаева 

Ж.Құспанов, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.05.2020 00:14 Ж.Құспанов
Біздер енді бүгінгі күннің шындығымен жаңаша өмір сүріп жүрміз.

Бүгін палата отырысының күн тәртібіндегі барлық мәселелер қаралып болғаннан кейін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Сенат отырысында көпшілікті алаңдатып жүрген бірнеше мәселеге тоқталды, деп хабарлайды zakon.kz.

Пандемия бүкіл әлем үшін нағыз сынақ болды. Ол әлемдік экономиканы ешқашан болмаған көлемде қысқартып, мұнай нарығында бағаның төмендеуіне, кәсіпорындар мен тұрғындар шаруашылықтарын аса қиын жағдайға алып келді. Мұның салдары әр адамның өміріне ұзақ уақыт әсер ететіні анық.

Бұл жағдайды дұрыс бағалай білуіміз керек. Шығындарды азайту қажет болады. Біздер енді бүгінгі күннің шындығымен жаңаша өмір сүріп жүрміз.

24 сәуірде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. 27 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәлімдемесі жарияланды.

Ел басшылығының негізгі пайымы – дағдарыстан кейінгі кезеңге, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық өмірді төтенше жағдай режимінен шығаруға дайындықты бастау керек.

Бұл барлық мемлекеттік органдармен қатар, біздің алдымызға да, құрметті депутаттар, бірқатар міндеттер мен проблемалық мәселелер қояды.

Бірінші. Стратегия мәселесі.

Негізгі басымдықтарды Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Мәлімдемесінде анық айқындап берді. Үкіметке және Ұлттық банкке неғұрлым көп зардап шеккен салаларды қолдауды қамтитын Экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарды 11 мамырға дейін дайындау тапсырылды.

Бүгінгі жағдайда, экономиканың барлық салалары мен халық мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Әлемдік экономикадағы келеңсіз ахуал мен ресурстардың шектеулі болуын ескеретін болсақ, әртүрлі сценарийлер мен болжамдарды қарастырып, нақты мүмкіндіктер мен резервтерге баға беруіміз қажет.

Үкіметтің іс-қимыл жоспарының негізі ережелерін Парламенттің, өңірлердің, экономика салалары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылау қажет деп есептеймін. Бұл талқылаусыз қабылданған құжат болмауы керек. Бұл мәселелер бүкіл қоғамды толғандырады.

Әрине, бұл жерде басымдықтар мәселесі қойылмақ. Олар бүгін анық. Бірінші кезекте – қауіпсіздік. Азық-түліктік. Санитарлық-эпидемиологиялық. Импортты алмастыру. Мұнайдан түсетін табыстардың төмендеуі экспорт мүмкіндіктерін айтарлықтай қысқартады, яғни көп нәрсені біз өзіміз жасап үйрену керекпіз.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына ерекше көңіл бөлу қажет.

Атап айтқанда, жер жыртып, мал өсіріп отырған ірі, орта және шағын бизнес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Жыл басында өткен парламенттік тыңдауда агроөнеркәсіп секторына жасалған талдау осы салада проблеманың көп екенін көрсетті.

Бұрынғы проблемаларға енді төтенше жағдай кезіндегілер қосылды. Бұл Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қайта қарау керек екеніне тағы да көзімізді жеткізіп отыр. Бүгінгі күннің шындығын ескеріп, мұны бірінші кезекте атқару қажет. Осы ауыл шаруашылығы мен химия, жеңіл өнеркәсіптен бастап саудаға дейінгі оған қатысты индустриялар, ел экономикасын қалпына келтіріп, өсуге негіз болуға қабілетті.

Не маңызды? Ертең емес, дәл қазір жаңаша, батыл әрі дұрыс қадамдар жасау қажет. Бүгін.

Әріптесім Ә. Бектаев өзінің депутаттық сауалында Түркістан облысында орын алған қырыққабат өніміне байланысты жағдайға қараңыздаршы.

Бүкіл әлем көптеген елдерде аштықтың орын алу ықтималдығы жоғары екенін талқылап жатқанда, біз жиналған өнімдермен не істерімізді білмей отырмыз.

Бұл жағдайды мәслихаттар мен тексеру комиссиялары қатаң бақылауға алу қажет деп есептеймін.

Мәслихат депутаттарына өтініш – барлық мемлекеттік және жеке сақтау орындары мен қоймаларының толымдылығына инвентаризация жүргізу қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы бос алаңдарды жалға алып, ерте пісетін көкөністерді сол жерге жинап, кейін сауда нүктелеріне таратуға болады.

Сауда желілеріне азық-түлік нарығын тұрақтандыру үшін жақында өтеусіз негізде қомақты қаражат берілді. Олар қалай жұмсалып жатыр? Жиналған өніммен жұмыс жасау мүмкіндігі кеңейді ме? Бұл жерде де мәслихат депутаттары мен тексеру комиссиялары бақылауға алу қажет мәселелер бар деп есептеймін. Қаржы кімге, қандай шарттармен берілуде, қандай тауарлар, қанша көлемде сатып алынуда, кімнен және қандай бағамен. Бұл жәй әңгіме, бос сұрақ емес. Бүгін бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен адам өміріне қатысты мәселе.

Сонымен қатар, облыстар бойынша астық өнімдері мен оны сатып алу бағасының болжамдарын тағы бір рет бағалау қажет. Бұл мәселемен дәл қазір айналысу керек, өйткені, астық жинайтын кезде бұған уақыт болмайды.

Фермерлердің еңбегін зая кетіруге біздің құқығымыз жоқ. Оларға мемлекеттің көмегі қажет, оны осы айдың тәжірибесі көрсетті. Көмекті ішкі нарық қажеттілігіне, сондай-ақ қайта өңдеу мен экспорт мүмкіндіктеріне қарай көрсету керек.

Екінші. Бақылау мәселесі.

Нақтыланған бюджеттің жаңа параметрлері Президенттің Жарлығымен бекітіліп, жарияланды. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған қаражаттың көлемі 6 триллионға жуық теңгені құрайды.

Бұл қаржы дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған, экономиканы, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы мен азаматтарды осы күрделі жағдайда қолдауды көздейді.

Біздің міндетіміз – дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жасау, осы шаралар туралы халықты хабардар ету.

Сондықтан Сенаттың комитеттеріне өз бағыттары бойынша, өңірлерден сайланған депутаттарға – өз өңірлері бойынша, Президент тапсырмаларының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуді, Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының іске асырылуын бақылауға алуды тапсырамын.

Парламентке өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі келіп түсті.

Республикалық бюджеттің атқарылуына жасалған тиянақты талдау ғана бізге республикалық бюджетті жоспарлау мен атқарудағы әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік береді.

Бюджеттік жоспарлау жүйесін дұрыс құрудың маңыздылығын ескере отырып, біз Сенат жанынан бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес құрдық және ол белсенді жұмыс істеп жатыр. Кеңестің көптеген ұсыныстарын Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері жұмыс үшін қабылдады. Осы жұмысты жалғастыру керек. Сондықтан Сенат комитеттеріне есепті өз бағыттары бойынша мұқият зерделеп, проблемалар анықталған жағдайда, оларды жүйелі түрде шешу жолдарын ұсынуды тапсырамын.

Бұл жұмысқа Мемлекет Басшысы белгілеп берген экономикалық өсуді қалпына келтіру міндеттері тұрғысынан қараған дұрыс деп санаймын. Қазір бәрі осы тапсырмаға бағынуы керек. Бюджеттік процесте уақыт талабына сәйкес болу керек.

Үшінші. Денсаулық сақтау.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Мәлімдемесінде медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бұл сала ауқымды мемлекеттік қолдауға ие болады. Президент халықтың денсаулығын қорғау жүйесін жақсарту жөніндегі нақты ұсыныстарды қарастыра отырып, халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа Кодекс қабылдауды тапсырды. Осы аса маңызды құжатпен біз, құрметті әріптестер, жақын арада жұмысты бастаймыз.

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа Кодекстің жобасымен жұмыс істеу кезінде сенаторлар осы саланың төтенше жағдай кезіндегі проблемалық мәселелерін ескергені дұрыс деп санаймын.

Бұл тұста тағы қандай мәселеге назар аударған орынды.

Пандемия қоғамның артықшылықтары мен даму құндылықтарын түбегейлі өзгертті. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау әрқашан мемлекеттік саясаттың негізгі мәселесі болып келген, бірақ бұл міндет қазіргідей өткір болған емес.

Осыдан келіп барша қоғам еліміздегі медицинаны дамыту стратегиясына айрықша назар аударып отыр.

Біз еліміздің жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар тізімінің жобасын көрдік. Оның құрылу принциптеріне қатысты депутаттар өз пікірлерін ашық айтты.

Бірақ мынадай сұрақ туындайды – осы тізімде медициналық маска немесе дезинфекция құралдарын шығаратын тым болмағанда бір кәсіпорын бар ма? Ал Президенттің тапсырмасы бойынша отандық тест-жүйелерін, иммунды биологиялық препараттарды өндіретін, короновирус инфекциясына қарсы вакцина шығаруға дайын кәсіпорындар қайда?

Мұнай мен пайдалы қазбалардан табыс азайған жағдайда, біз расында да бұдан әрі осы өмірлік маңызы бар тауарларды валютамен импорттауды жалғастырмақпыз ба?

Бүгін бұл тіптен риторикалық сұрақтар емес. Қазіргі кезде бізге мемлекеттік саясат басымдықтары туралы бұрынғыдан да салмақты әңгіме қажет, атқарушы биліктің проблемалары мен жоспарлары жария және ашық түрде талқылануы керек.

Төтенше жағдай мен орын алып отырған пандемия қоғамдық талқылаусыз стратегиялық шешімдердің қабылдануына себеп болмауға тиіс.

Төртінші. Үлкен істер деп кішісін ұмытпау керек.

Мемлекет қазіргі қиын кезеңде көптеген көлемді жұмыстар атқарды. Баршамызға белгілі шығындарға қарамастан, өте көп адамға нақты көмек көрсетілді.

Біз Үкіметтің, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның, жергілікті жерлердегі атқарушы органдардың қабылдап жатқан шараларын қолдаймыз.

Сонымен қатар, түрлі себептерге байланысты назардан тыс қалуы мүмкін, бірақ маңызды бірқатар проблемаларға назар аудару қажет деп есептейміз.

Қарттар мен балалар үйлері, интернаттар. Депутаттарға, жеке маған да азаматтар мен осы медициналық-әлеуметтік мекемелердің өкілдерінен қорғану және санитариялық гигиена құралдарының тапшылығы туралы өтініштер үнемі келіп түсуде. Халықаралық және отандық тәжірибе көрсеткендей, олар – қоғамның ең осал бөлігі. Ол адамдар мүлдем ұмыт қалғандай әсерде қаласың, қарттар мен балалар үйлері және мамандандырылған интернаттар қалдық бойынша қамтамасыз етілетін сияқты.

Қорқынышты тенденция. Шешімін табу қажет.

Жалпы криминогендік ахуал. Қоғамды, әсіресе ірі қалалардың тұрғындарын қатты мазалап отырған мәселе. Қазірден бастап карантин мен төтенше жағдайдан кейін қалаларда криминогендік ахуалды тұрақтандыру бойынша жоспар әзірлеу қажет деп есептеймін.

Әскери бөлімшелер мен Ұлттық ұлан құрылымдарының кезекшілігін бірнеше айға қалдыру, тіпті күшейту қажет болуы мүмкін. Қала тұрғындары бұл шараға түсіністікпен қарап, қолдайды деп сенемін. Сонымен қатар ұрлық пен бұзақылық жасаған қылмыскерлерге барынша қатаң жаза қолдана отырып, көрнекі соттар өткізу керек.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық. Қазіргі жағдайда күшейе түскен тағы бір проблема. Әйелдер мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдерінен карантин кезінде үйдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрт өскені туралы ақпарат келіп жатыр. Өкінішке орай, бұл карантин шараларының тікелей салдары, зорлық-зомбылық құрбаны болған әйел адам мен бала үйінен шығып, қашып кете алмайды, көмекке де шақыра алмайды.

Жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына осындай қылмыстарды анықтауға ерекше назар аудару және жалпы әйелдерді қолдау шараларын күшейту қажет деп есептеймін. Әріптестерім бұл проблемаға түсіністікпен қарайды деп сенемін.

Бесіншіден. Сабақ алу.

Парламент барлық деңгейдегі билік органдарының төтенше жағдайдағы әрекеттеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, жүйелі қорытынды шығару керек деп санаймын. Бұл әр адамның мүддесі үшін маңызды.

Мұның барлығы туралы Президент Тоқаевтың Мәлімдемесінде нақты айтылған.

Елімізді "экономика мен мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды, терең трансформациялауды жүзеге асыру" күтіп тұр.

Турасын айтқанда, көлемі мен қиындығы жағынан бұл төтенше міндет болып табылады. Ол Үкіметтің, Парламенттің, жергілікті билік органдары мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысына ерекше талаптар қояды.

Алдымызда салмақты әрі жауапты іс тұр. Сөз соңында қымбатты әріптестер!

Сенат атынан, барша қазақстандықтарды келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Еліміз берік болсын! Еліміздегі ұлтаралық достық пен татулық берік болғай! Халқымызға, әр отбасыға, әрбір үйге береке-бірлік тілеймін!

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: