Мұхтар Тілеуберді ШЫҰ сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысты
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысты, деп хабарлайды zakon.kz.
Аталған іс-шара бейнеконференция форматында Ресей Федерациясының төрағалығымен өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында сыртқысаяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ШЫҰ бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры халықаралық және аймақтық күн тәртібінің аса өзекті мәселелері, сондай-ақ жаңа коронавирус індетінің пандемиясы жағдайындағы ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің ынтымақтастығы бойынша пікір алмасты.
Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері жаңа ахуалдағы сауда-экономикалық саладағы өзара әрекеттесу мәселелерін және Ұйымның халықаралық қызметін қарастырды.
Бұдан басқа 2020 жылғы шілде айында өтетін ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің басшылары кеңесінің отырысына дайындық барысы, сонымен қатар ұйымның ағымдағы қызметі бойынша басқа да шешімдер талқыланды. Отырыстың нәтижесі бойынша ШЫҰ мүше-мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің COVID-19 пандемиясына байланысты мәлімдемесі қабылданды.
Атап айтқанда, халықтың санитарлық-эпидемиялық саулығын қамтамасыз етудегі әр мемлекеттің рөлі мен жауапкершілігі, сондай-ақ пандемиямен күрес батыл, келісілген және көпжақты инклюзивті шаралардың талап ететіндігі айтылды. Министрлер ШЫҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар және бірлестіктермен коронавирус індетімен күресудегі өзара тиімді әрекеттесуін құптады.