Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақтың домбырасы: Абай тойына деп салынып жатқан кешен төңірегінде дау туды

видеодан алынды, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.05.2020 15:24 видеодан алынды
Бір гектардан астам аумақта үш ішекті домбыраның макеті салынып жатыр. Ол ақынның кіндік қаны тамған жер Жидебайдан 20 шақырымда жатыр.

Қасиетті қара домбыраны аяқасты етуге қарсымыз! Шығыс Қазақстан облысында Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай салынып жатқан жаңа кешеннің домбыра пішіндес стелласына дәстүрлі әншілер осылай қарсы шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Олардың айтуынша, талай ғасыр атадан балаға мұра болып қалған ұлттық құндылықты аяқасты ету ұлтқа және өнерге қиянат жасаумен тең. Құрылысты қолдаған өнерпаздар да бар.

Абайдың 175 жылдық мерейтойы басталатын Сырт-Қасқабұлақта құрылыс қызған. Қазір бір гектардан астам аумақта үш ішекті домбыраның макеті салынып жатыр. Ақынның кіндік қаны тамған жер Жидебайдан 20 шақырымда жатыр. Алайда жергілікті биліктің кешенге қатысты идеясы кейбір өнер адамдарының көңілінен шықпай отыр. Дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман "Домбыраның жерге төселіп, аяқққа тапталуы ақылға сыйымсыз" - дейді.

Еркін Шүкіман, дәстүрлі әнші:

- Қазақ ұлт қадірлейтін дүниені жерге таптап жасауға болмайды ғой! Ертең ол жерде дүркіреп той өтеді. Қаншама қарақұрым халық жүреді. Ол жерге былшылдатып түкіреміз. Абайдың көрген қорлығы аз емес. Енді өлгеннен соң, сонша қорлайтындай не болды? Бұл, біріншіден, үлкен ұлттық дүние тұр. Жалпы, домбырада бүкіл қазақтың тарихы жатыр.

Өткен аптада көптің талқысына түскен кешеннің құрылысымен аймақ басшысы Даниал Ахметов арнайы танысқан еді. Осындай құрылысы ерекше нысандар арқылы туризмді дамытамыз деген әкімге стелла ұнаған сыңайлы.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Жарты жылда дайындықтың алғашқы кезеңі бітті. Мынау тұрған Абайдың домбырасы. Мерейтойға дейін құрылыс пен абаттандыру жұмыстары аяқталады. Бұлақты тазалап, жан-жағын реттейміз. Туризмді дамытамыз.

Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали да құрылысты қолдайтындардың бірі. "Қайта осы арқылы домбыраның қазақ үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеміз", - дейді әнші.

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:

- Шетелден келген адамдар көруі керек. Ұлттық аспапты қаншалықты қадірлейтінімізді. Мен өз басым қолдаймын. Неге? Бұл жақсы дүние. Қазақтың сөзі бар: "Өнерде шек жоқ" дейді. Бұл - бір өнердің шексіз екендігінің көрінісі. Одан кейін егер шынайы қарасақ, жерде жатқан домбыра емес, макет қой. Ол шын домбыра емес.

Дүбірлі тойға дейін Ақшоқыда Құнанбай әулетінің қорымы жаңартылып, музей салынбақ. Бұл – хакімнің ата-анасына құрмет. Бұдан өзге, Жидебайдағы мемориалдық кешен де жөнделуде. Ал домбыра пішіндес кешенге қатысты Мәдениет және спорт министрлігінің берген жауабы мынандай:

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры:

- ШҚО Сырт-Қасқабұлақ жерінде домбыра пішінді саябақ жобасын жасап жатқаны белгілі болып отыр. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органның құзырында болғандықтан, министрлікпен келісілген жоқ. Келісу де шарт емес, өйткені барлық абаттандыру жұмыстары сол жергілікті атқарушы органдар өздері дербес шешеді.

Алдағы уақытта қатаң сынға ұшыраған кешенге қатысты жоспар өзгере ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Жобаның жалпы құны 50 миллион теңгеден асады.

zkadm
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: