Илон Маск бірнеше сағатта 44 млрд доллардан айырылды
Дүйсенбі, 13 шілдеде Нью-Йорк қор биржасындағы сауда-саттық жабылар кезде Tesla Inc. компаниясының акциялары оңбай арзандады: бір акциясы сауда-саттық ашылған кездегі рекордтық 1794 доллардан 1497 долларға дейін түсіп кетті, деп хабарлайды zakon.kz CNBC-ге сілтеме жасап.
Нәтижесінде компанияның капитализациясы бірнеше сағаттың ішінде $321 млрд-тан $277 млрд-қа дейін қысқарды.
Tesla акцияларының бұған дейін қымбаттағаны – екінші тоқсанда автокөлік сатылымы биржалық сарапшылар болжаған 72 мың данадан 90 650 данаға дейін өскені туралы компания есебінің жариялануына байланысты болған.
Акцияларға деген сұранысты сондай-ақ Tesla-ның жақын арада S&P 500 биржалық индексіне қосылады деген қауесеттер қыздыра түскен.
Tesla акциялары 1 маусымда тұңғыш рет $1000 межесінен асты, одан кейінгі бір айдың ішінде акциялар құны бірден 70%-ға өсті. Соның өзінде сарапшылар Tesla акцияларының орташа құны 2020 жылы $805 болады деп күткен.
Алайда Morgan Stanley инвестициялық банкінің сарапшысы Адам Джонстың пікірінше, Tesla акцияларының құны 100%-ға асыра бағаланған.
"Акцияларының қазіргі құнын ақтау үшін компанияға жылына 4 млн автокөлік сату керек. Бірақ олар әзірге тек 500 000 сатып отыр", - деді ол Observer басылымына.