Қашықтықтан оқыту мәселесі бойынша Үкімет жиынының мәтіндік нұсқасы
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында жаңа 2020-2021 оқу жылының басталуына дайындық мәселесі қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады, деп хабарлайды zakon.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елімізде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады.
Білім министрінің айтуынша, қабылданған шешімге сәйкес бұл жерде екі ерекшелік бар. Шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуалға байланысты оқуды дәстүрлі штаттық режимде бастайды, сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары үшін, ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады.
Сонымен, алдын ала болжам бойынша, интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы (79%), кезекші сыныптарда 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп күтілуде.
Министр баяндамасы:
"Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Сәйкесінше бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс. Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысатын болады", — деді А. Аймағамбетов.
Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы Министрлік үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет етеді. Сондықтан ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі.
Колледждерге келер болсақ, педагогикалық, АT, әлеуметтік, гуманитарлық, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша қашықтан оқыту ұсынылады.
"Сәйкесінше зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірбиені штатты режимде жүргізуге мүмкіндік береміз. Бұған қоса алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді", — деді министр.
Жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі.
"Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина және өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлар (70 %) онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтар (30%) күшейтілген санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта өткізіледі", — деді А. Аймағамбетов.
Магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады. Осы берілген бағдарлар шеңберінде әрбір ұйым өздері дербес шемім қабылдайды.
"Қашықтан оқыту кезінде оқу процесінің принциптері мен технологиялары сәйкесінше өзгереді. Осыған байланысты төртінші тоқсан тәжірибесін ескеріп, бағалау нормаларын, оқыту әдістемесін өзгерту және кері байланысты жүзеге асыру бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілуде", — деді министр.
Бұған қоса, шілде айынан бастап қашықтан оқыту жүйесінің негізгі бағыттарын түсіндіру, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматқа көшу бойынша күнделікті вебинарлар өткізіліп келеді. Жеке кесте бойынша 7 мыңнан аса қазақстандық мектеп директорына, олардың 12 мыңдай орынбасарына және 2 мыңға жуық әдіскерге қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша түсіндіру семинарлары өткізілді.
Еліміздің барлық мұғалімдері үшін қашықтан оқыту технологиялары бойынша біліктілікті арттыру курстары басталды. Олармен мұғалімдер 100% қамтылатын болады.
А. Аймағамбетов атап өткендей, ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету маңызды. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға "Үйде қалай оқу керек?", "Гигиена негіздері", "Кибермәдениет", "Интернет арқылы қалай оқу керек?", "Дене жаттығуларының маңызы" тақырыптарында бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі.
Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектептерге компьютер сатып алу жұмысы жүргізілуде.
"Жалпы, тапшылық бар. Бұл туралы ашық айту керек. Бүгінгі таңда республика бойынша 185 мың білім алушының компьютері жоқ. Тапшылық әсіресе көп балалы, аз қамтылған отбасыларда байқалады. 1 қыркүйекке дейін аталған санаттағы 500 мыңнан астам бала компьютер техникасымен қамтамасыз етіледі", — деді А. Аймағамбетов.
24 мың педагогтің жеке компьютері жоқ, 2 мың педагог үшін интернет желісі қолжетімді емес. Бұл мәселе мектептегі компьютерлерді оларға уақытша пайдалануға беру арқылы шешілетін болады.
IV тоқсанда өз интернет-платформаларын ұсынған АT-компаниялар жазғы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтықтан оқыту сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарды.
Мазмұн материалдарын толықтырумен қатар, АТ-компаниялар сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейне конференция модульдерін дайындады. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және т. б. әзірленді.
Бүгінгі күні әр мектеп АT компаниялардың интернет платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты, бәсекелестік пен таңдау бар.
Көктемдегі тәжірбиеге сәйкес телесабақтар әзірленуде. Телесабақтар — өте қолжетімді құрал. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде.
Теледидар сабақтары "әл-Фараби" мен "Ел-Арна" арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып барлық оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады.
Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекен үшін осы каналдардың қолжетімсіз екені анықталды, бірақ оның 314-інде ғана оқушылар бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі.
Оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізілуде. 11 сынып үшін 160 239 оқулық жиынтығы сатып алынды. Жөнелту кестесі жасалды және келісілді, жалпы жөнелту көрсеткіші 50%, жеткізу 35% құрайды. Шілде айынан бастап оқулықтар балаларға таратыла бастады.
Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-код арқылы қолжетімді.
Сөз соңында А. Аймағамбетов індетпен сырқаттану деңгейінің тұрақты төмендеуіне байланысты білім беру ұйымдары санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқытудың аралас және штаттық форматына біртіндеп көшуді жүзеге асыратынын жеткізді.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің ерекшелігі, мұнда шағын жинақталған мектептердің саны көп екенін атап өтті. Яғни, облыс мектептерінің 43%-ы шалғай жатқан тұрғыны аз ауылдарда орналасқан. Бүгінгі күнгі эпидемиялық жағдай олардың 193-іне штаттық режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Аталған мектептердің барлығында санитарлық режим барынша күшейтіліп, қажетті санитарлық құралдар сатып алынған.
Облыс басшылары есебі:
"Облыс бойынша барлығы 505 мектеп бар. Оларда 200 мыңға жуық оқушыға білім беру жоспарлануда, олардың 24 мыңы — бірінші сынып оқушылары. Оқушылардың 70%-ы қашықтықтан оқытылатын болады. 48 мың бастауыш сынып оқушылары үшін 3 623 кезекші сынып құрылады", — деді облыс әкімі.
Қарағанды облысы бойынша компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесін оқушылар мен мұғалімдерге мектеп техникасын уақытша пайдалануға беру арқылы шешу көзделген. Бұл ретте әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 28 мыңға жуық оқушыны қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Жалпы, облыс мектептерінің балансында 35,3 мың бірлік компьютерлік техника бар.
"Қашықтықтан оқыту процесін қамтамасыз ету үшін облыстық бюджет есебінен шамамен 9 мың бірлік компьютерлік техника сатып алынуда. Сондай-ақ демеушілік қаражат есебінен мыңға жуық компьютер техникасы алынды. Республикалық бюджеттен бір көзден тағы 28 мыңнан аса компьютерлік техниканы сатып алуға қосымша қаражат бөлінуде. Нәтижесінде компьютерлік парк толығымен жаңартылады", — деп нақтылады Ж. Қасымбек.
Интернет желісімен қамтамасыз ету бойынша. Өңір тұрғындарының 90%-дан астамы интернет байланысы мәселелері шешілген қалалар мен аудан орталықтарында тұрады. Тек, шалғайда орналасқан 85 ауылдық елді мекенде бұл мәселе өзекті болып отыр. Облыс әкімінің айтуынша, аталған ауылдарда интернет жылдамдығын 3 және 4G-ге дейін жақсарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Соның нәтижесінде тамыз айының соңына дейін қосымша 73 ауыл мектебінің 5 мыңнан астам оқушысын интерактивті платформаларда оқыту мүмкіндік туындайды.
"Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларды интернетпен қамтамасыз ету үшін 5 мыңға жуық модем сатып алынатын болады", — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ оқушыларды қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесін толық шешу үшін 2,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұдан басқа, биыл облыстық бюджеттен және "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Ауыл - ел бесігі" бағдарламалары аясында 413 білім беру нысанына жөндеу жүргізуге 17 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 129 нысанда жұмыс аяқталды, 15 жаңа білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде.
"Жаңа оқу жылына қарай біз облыс мектептерін бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтамасыз етеміз. Аулаларда орналасқан барлық санитарлық тораптар мектеп ғимараттарына көшірілетін болады", — деді Ж. Қасымбек.
Облыс колледждерінде қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті жұмыстар жүргізілді. Компьютерлерге деген қажеттілік толығымен жабылды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың мәліметінше, жаңа оқу жылында өңірде 477 мектепте 76 000 оқушы оқитын болады, бұл өткен жылға қарағанда 6%-ға артық. Оның ішінде санитарлық қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтаумен 310 шағын жинақты мектепте барлық оқушылардың 23%-ы штаттық режимде оқитын болады.
"Қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін облыстағы 380 мұғалім мен 10,5 мың оқушыға 11 мың бірлік техника уақытша қолдануға беріледі. Үнемдеу есебінен 580 компьютер алынды. Жаңа оқу жылына дейін тағы 2 мың дана компьютер алынады", — деді Қ. Ақсақалов.
Оның айтуынша, өңірдегі мектептердің 96%-дан астамы кең жолақты интернетке қосылған. Ал шалғайдағы ауылдарда интернет жылдамдығын арттыру үшін табысы төмен отбасылар үшін 2 мың роутер мен USB-модем сатып алынып, таратылатын болады.
Сонымен қатар, өңірде білім беру нысандарын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр 142 мектепте күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл тағы 107 нысанда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осылайша, екі жыл ішінде өңірдегі мектептердің жартысы жаңартылады.
"Оқулықтар мен әдістемелік кешендерді 20 тамызға дейін жеткізу үшін барлық шарттар жасалды. Оқу жылы басталғанға дейін бейнебақылауды қамтамасыз ету және мектептердің автобус паркін жаңарту мәселесін де толық шешеміз. Кадр тапшылығы 600-ден астам жас маманның есебінен шешіледі", — деді облыс әкімі.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев облыста 107 700-ге жуық оқушы білім алатын 380 мектеп бар екенін айтты. Оның ішінде жаңа оқу жылында 15%-ында оқушылар дәстүрлі форматта оқытылады, 85%-ы қашықтықтан оқытылады.
Аймақ басшысының айтуынша, облыс оқушыларының 75,5%-ның үйінде компьютер жоқ. Бұл мәселені келесі тәртіппен шешу көзделген:
16,5 мың оқушы дәстүрлі форматта мектепте оқытылады, яғни оларға компьютер қажет етілмейді;
29 мың отбасы мектеп компьютерлермен қайтарым негізінде қамтамасыз етіледі;
қалған 2866 оқушы демеушілік және басқа қаражат есебінен қамтылатын болады.
"Облыстың барлық 380 мектебі Интернет желісіне қосылған. Кейбір елді мекендерде интернеттің жылдамдығы төмен. Осы мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлінді, нәтижесінде интернет желісінің орташа жылдамдығы секундына 4 Мбиттан 8 Мбитқа дейін көбейеді", — деді Ғ. Есқалиев.