Қате ем жасалған 2 жасар сәби 8 ай бойы комада жатыр. Қылмыстық іс тоқтап тұр
Сегіз айдан бері ес-түзсіз жатқан елордалық 2 жасар сәбидің дертіне енді пневмония қосылды. Тісін емдетуге барған Алисаға қате ем жасалып, өткен жылдың желтоқсан айында комаға түскен еді. Сәбидің жағдайы сол қалпы. Тыныс алуы қиындаған соң, жасанды желдету аппаратына қосылыпты. Салдарынан өкпесі қабынған. Дәрігерлер баланы жағдайы ауыр дейді. Ал осы оқиғаға қатысты қозғалған қылмыстық іс бір орында тұралап қалыпты. Бүлдіршіннің анасы арада 8 ай уақыт өтсе де ешкімнің жазаланбағанына налып отыр, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Арада 8 ай өтсе де 2 жасар Алисаның беті бері қарар емес. Әлі де жансақтау бөліміндегі кереуетке таңылған күйі өзгеріссіз жатыр. Қозғалады, сезеді, бірақ өздігінен дем ала алмайды. Бүлдіршін қазір өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныс алып жатқан көрінеді. Қоғамда қызу резонанс тудырған қылмыстық істің тергеу айналасы да тым-тырыс.
Қайрат Артықов, қалалық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары:
"Қазіргі таңда керекті сот-медициналық сараптама тағайындалған. 5 маман қорытындыларын дайындап болғаннан кейін соттың сараптамасы шығады. Сот-медициналық сараптама тағайындалмай тұрып, алдын ала тергеу аяқталмайды. Мынау сот-медициналық сараптаманың күрделілігімен сипатталады".
Яғни, күрмеуі көп істің жай жапсары әлі де толық ашылған жоқ. Тіпті, сотқа да жетпеді. Тиісінше, кінәлілер 8 айдан бері бостандықта жүр. Клиниканың атын өзгертіп қойып, қамнен қаперсіз қызметтерін жалғастырып жатқан көрінеді. Қайғыдан қан жұтып отырған бұлдіршіннің анасы Анастасия Зеленая қылмыстық істің бірнеше айдан бері тұралап тұрғанына налиды.
Алисаның анасы Анастасия Зеленаяның әлеуметтік желідегі парақшасынан:
"Біреуі елордада, екіншісі Атырауда. Сол адамдардың иелігіндегі тіс емханасы. Менің қызым солардың кесірінен комада жатыр! 8 ай өтсе де қылмыстық, не материалдық жауапкершілікке тартылған жоқ. Бұл адамдар балаға көмектесуге уәде берген, кейін сөздерінен тайқып кетті. Күте тұруымды сұрауда. Барлығы шешілді, қорқатын ештеңе жоқ дегеннен басқа, дым демейді".
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылайтын департамент тергеу кезінде аталған істің айналасынан бір емес, бірнеше ағаттық тауыпты. Мамандардың сертификаты ескіріп кеткенімен қоймай, емдеу шарттарын бұзып келген. Дәрі-дәрмектер де талапқа сай сақталмапты. Ең сорақасы, ересектерге арналған дәріні бүлдіршінге беріп, ақыр соңында сәби комадан бір-ақ шықты.
Дархан Тұрлыбеков, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:
"Анестезиология, реанимотология балалар профилі бойынша қызмет тоқтатылды. Тексеру қорытындысы бойынша, анестезиолог дәрігеріне және клиниканың басшылығына әкімшілік кодексі бойынша, хаттамалар толтырылды".
Алиса қазір білікті мамандардың бақылауында. Елордадағы №2 көпбейінді балалар ауруханасында ем алып жатыр. Өкінішстісі, оң нәтиже байқалмайды.
Әлімжан Кәлімқұлов, №2 көпбейінді балалар ауруханасының медициналық бөлім бойынша директор орынбасары:
"Бүгінгі күнде баланың жалпы жағдайы өте ауыр. Оттегі жетіспеушілігінен бас миы зақымдалуына және өкпенің жасанды желдетуінен пайда болған пневмонияға байланысты. Қарқынды ем жүргізілгеніне қарамастан балада оң нәтиже байқалмайды".
Істің не себепті 8 ай бойы созылғанына әділет департаменті ауызша жауап қатты. Сөздерінше, сот-медициналық сараптамасы тек маусым айында тағайындалған. Демек, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бақандай 6 ай бойы қарап отырғанға ұқсайды. Айтпақшы, Алисаға кері ем жүргізген клиника Атыраудан тағы бір бөлімшесін ашыпты. Аты басқа болғанмен, заты өзгеріссіз қалған емхананың жұмысына құзырлы органдар тыйым сала алмай отыр. Себебі, "Кәсіпкерлік кодекстің" талаптарына қайшы.