Карантин автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдаудан түскен табысқа әсер етпеген - ҚР ИИДМ
Пандемия мен Қазақстандағы карантиндік іс-шаралар іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және жүктерді жеткізу географиясының қысқаруына байланысты тасымалдардың жалпы көлемінің азаюуына қарамастан, автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдаудан түскен табысқа әсер етпеген. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай мәлімет берді, деп хабарлайды zakon.kz.
"ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 6 айында автомобиль көлігімен жүк тасымалдаудан түскен табыс 80,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артық (74,7 млрд теңге). Биылғы 6 айда автомобиль көлігімен шамамен 1,4 млрд тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға аз (1,57 млрд тонна). Осы жылдың 6 айында автомобиль көлігімен жүк айналымы 69,5 млрд тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға аз (80,5 млрд тонна)", — делінген ҚР Үкіметінің ресми сайтындағы хабарламада.
Мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында жүк және автомобиль көлігінің қызметі еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемдері мен салықтардан босатылды.
Бұған қоса, экономикалық өсімді қалпына келтіру аясында 2020 жылдың соңына дейін халықаралық автомобиль тасымалдары операторларын кәдеге жарату алымынан және ершікті тартқыштар үшін бастапқы тіркеу алымынан босатуды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, ҚР Салық кодексіне жүктерді халықаралық тасымалдауға тартылған ершікті тартқыштар үшін бастапқы тіркеу алымын төлеуден босату тұрғысынан түзетулер енгізілді. Кәдеге жарату алымынан босату мәселесіне қатысты ҚР Энергетика министрінің бұйрығына тиісті түзетулер енгізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жарты жыл ішінде темір жол көлігімен 196,6 млн тонна тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға артық. Пандемия кезінде жүк тасымалы штаттық режимде жүзеге асырылды.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, сондай-ақ коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында 157 жұп пойыздың 129 жұбы (жол шаруашылығына арналған 28 жұп пойыз) қатынауын тоқтатты.
Биылғы 13 мамырда Ведомствоаралық комиссия отырысында эпидемияға қарсы шараларды сақтай отырып, ел ішінде пойыздардың қозғалысына рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Жалпы, осы жылдың 1 маусымынан бастап ел ішінде 93 жұп пойыз жолға шықты. 36 мемлекетаралық пойыз мемлекеттік шекара ашылғаннан кейін жүре бастайды.
Бұл ретте, кейбір бағыттарға сұраныстың болмауына байланысты осы жылдың 1 шілдесінен бастап Тальго (Орал – Нұр-Сұлтан, Атырау – Нұр-Сұлтан, Алматы – Нұр-Сұлтан) 3 коммерциялық пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылды.
2020 жылғы 2 шілдеде Экономика өсімін қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ТЖ көлігімен жолаушылар тасымалын шектеу туралы шешім қабылданды. Жалпы, 35 жұп пойыздың қозғалысы уақытша тоқтатылды.
2020 жылғы 5 шілдеден бастап 25 қала маңы пойызы мен 1 облысаралық пойыздың қозғалысы уақытша тоқтатылды;
осы жылғы 8 шілдеден бастап Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен 5 жұп пойыздың (Ақтөбе – Атырау, Атырау – Алматы, Атырау – Маңғыстау, Атырау – Алматы, Атырау – Нұр-Сұлтан) қозғалысы уақытша тоқтатылды;
биылғы 10 шілдеден бастап Маңғыстау станциясы ( Маңғыстау ‒ Нұр-Сұлтан, Маңғыстау – Алматы, Маңғыстау – Ақтөбе, Маңғыстау ‒ Бейнеу) бойынша 4 жұп пойыздың бағыты уақытша тоқтатылды;
Сондай-ақ, "Тұлпар Тальго" («Алматы ‒ Нұр-Сұлтан», «Алматы ‒ Павлодар», «Нұр-Сұлтан ‒ Өскемен», «Нұр-Сұлтан ‒ Достық») 4 жұп пойызының жүру жиілігі қысқартылды.