Дәрігерлердің өтірік қабылдауы үшін алынған ақша үш есе көлемде қайтарылады
Медициналық сақтандыру қорынан дәрігерлердің жалған қабылдауына бөлінген барлық қаражат үш есе көлемде қайтарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Бірнеше күн бұрын азаматтар бармаған, баруды жоспарламаса да дәрігер қабылдауында болған деген фактіні Damumed жүйесінен кездестіріп, өз шағымдарын әлеуметтік желілерде жаппай жариялаған. Нәтижесінде 75,5 млн теңгеден астам сомаға 13,5 мың жалған дәрігер қабылдауы анықталды.
"Біздің азаматтарымыздың әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен осындай қоғамдық бақылаудың арқасында біз біріншіден, ашықтықты қамтамасыз ете аламыз, екіншіден, бұл жүйенің олқылықтарын тауып, сол олқылықтарды болашақта қайталанбайтындай етіп жөндей аламыз", - деді Кожахметов.
Ол сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен МӘСҚ бұл жағдайды толығымен жоюға мүдделі екенін атап өтті. Ол егер мұндай фактілерді анықтап жатса, азаматтарға тәуләк бойы қоңырау қабылдайтын 1406 немесе Qoldau 24/7 нөмірлеріне хабарласуға шақырды,
- Бірінші жартыжылдықта 13,5 мың факті анықталғанын және осы жалған дәрігерлер қабылдауы бойынша қордан аударылған барлық қаражаттың қайтарылғанын білесіздер. Оның үстіне үш есе қылып қайтарылды. Сондықтан қордың салымшылары өз қаражатының сақталуы жайына алаңдамасын, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.
Ол ақшаның дәрігерлерден емес, медициналық орталықтардың өзі қайтаратынын айтты. Оның айтуынша, мұндай қылмыстар адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
- Егер науқасқа қатысты мұндай жалған қабылдаулар тіркелсе, содан кейін ол шынымен де бір күні ауруханаға түскенде, дәрігер оны электронды жүйеден көріп, ескеретін болады ғой. Ал ол шындыққа жатпайтын мәліметтер негізгі емдеу әдісіне ықпал етіп, адамның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, - деп түйіндеді сөзін ол.