Зейнетақы мен жәрдемақыны "әлеуметтік әмиян" арқылы төлеу қарастырылуда
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Президентінің 01.09.2020 жылғы "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларының іске асырылуы туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап..
Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдап, азаматтардың өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалану жөнінде дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Тұжырымдамалық мақұлданған шешім бар. Бүгінгі таңда 721 мың қазақстандық өз зейнетақы қаражатының бір бөлігін пайдалана алады, бұл шамамен 1,4 трлн теңгені құрайды.
"Олардың ішінде “жеткіліктілік шегінен” асатын зейнетақы жинақтары бар 530 мыңға жуық жұмыс істейтін азамат, зейнетақы жинақтары бар 178 мыңнан астам зейнеткер және сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан 13 мың адам бар", – деп түсіндірді министр.
Жыл соңына дейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша мынадай іс-шаралар іске асырылады:
"Экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заң жобасын қабылдау;
БЖЗҚ-дан нысаналы төлемдерді жүзеге асыру қағидаларын бекіту;
Зейнетақы төлемдерінің сомасы есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту қағидаларын бекіту;
Азаматтарды медициналық көмек алуға жіберу ережелерін бекіту.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке еліміздің Әлеуметтік кодексін әзірлеуге кірісуді тапсырды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда халықты әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі көрсетіледі. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қатынастар көптеген заңнамалық актілермен реттеледі, олар – 17 заң, 100-ден астам заңға қосымша актілер. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы төлемдер мөлшерін есептеудің негізі – әртүрлі көрсеткіштер: ЕТЖ, АЕК, ЕТКД. Біртекті қоғамдық қатынастар әртүрлі заңнамалық актілермен реттеледі.
2021 жылдың II тоқсанына дейін Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасын, 2021 жылдың соңына дейін Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеу жоспарланған.
Мемлекет басшысы зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау процестерін толық цифрландыруды тапсырды. Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша ҚР ЕХӘҚМ 41 мемлекеттік қызметінің 34-і электрондық форматқа (83%), оның ішінде 14 қызмет проактивті форматқа ауыстырылды.
"Қазіргі кездегі негізгі проблема – кейбір құжаттардың, әсіресе Кеңес заманының деректер базасындағы цифрлық нұсқаларының толық болмауы", – деді Б.Нұрымбетов.
Мемлекеттік органдар ҚР ЦДИАӨМ-мен бірлесіп, 2020 жылдың соңына дейін бірқатар құжаттарды цифрландырудың мүмкіндігі мен мерзімі мәселесін пысықтауы қажет.
Президент Қ. Тоқаев әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Ол үшін азаматтың цифрлық "әлеуметтік әмиянын" енгізу, сондай-ақ тиісті тауар өткізу жүйесін құру қажет.
Бүгінде республикалық бюджеттен жалпы сомасы жылына 3,4 трлн теңгеден астам әлеуметтік төлемдердің 39 түрі жүзеге асырылуда. Барлық төлемдер екінші деңгейлі банктер арқылы алушылардың шоттарына аударылады.
Б.Нұрымбетов атап өткендей, ЕХӘҚМ, ЦДИАӨМ, СИМ 2020 жылдың соңына дейін цифрлық "әлеуметтік әмиян" арқылы АӘК төлеу тетігін іске асыруды аяқтап, "пилоттық" режимде іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ЖСН базасында цифрлық "әлеуметтік әмиянды" іске асыру пысықталатын болады.
Бұдан өзге ЕХӘҚМ, ҰБ, ҚНРДА, ЦДИАӨМ, СИМ 2021-2022 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттерден, МӘСҚ, БЖЗҚ-дан зейнетақылар мен жәрдемақыларды цифрлық "әлеуметтік әмиян" арқылы төлеу тетіктерін іске асыратын болады.