Қазақстандағы интернеттің түрі: Балалар тау-таста, дәретханада сабақ оқып жүр
Сабақ басталды. Шалғайдағы ауыл оқушылары мен студенттер үшін қашықтықтан оқытудың машақаты бірінші күннен-ақ қылаң беріп, жүйкені жұқартты, деп хабарлайды zakon.kz.
Салдарынан біреулері тау-тасты жағалап жүрсе, біреулері дәретханада сабақ оқуға мәжбүр, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Бестерек ауылы Өскеменнен небәрі 38 шақырым жерде орналасқан. Бірақ бұл арада ұялы байланыс пен Интернет ешқашан болған емес. Ауыл тұрғындары бірнеше рет әкімдіктен мәселені шешуді сұраған, бірақ одан нәтиже жоқ. Дәл осындай жағдайды Ізғұтты Айтықов ауылының тұрғындары да бастан кешуде.
- 4 ай болды, бізде интернет жүргіземіз дегеніне, бірақ жоқ. Балалар тау-тасты жағалап, байланыс іздеп жүр, егер кем дегенде бір сигналды ұстасақ, соған мәзбіз. Бұлай болмайды, бізге қиын, - дейді мектеп оқушысы Қалибек Ерсұлтан.
Сондықтан болар, биылғы оқу жылында мектепте қашықтықтан оқыту тоқтатылды. Қазір студенттер интернет жетіспеушілігінен зардап шегуде. Құралай Ахметсақ Павлодарда оқиды. Оның ғаламторға шығуға мүмкіндігі жоқ. Алғашқы дәрістерді жіберіп те алыпты. Енді 2 курс студенті гранттан айырылып қалудан қорқады.
- Көктемде қиын болды. Бір құжаттарымызды жібере алмай, қиналдық. Біздің ауыл қаладан алыс емес, бұл жерде интернет жоқ деудің өзі ұят, - дейді студент.
Мәселені өз бетінше шешуге тырысқан ауыл тұрғындары сигнал күшейткіштерін сатып алды, бірақ Интернет баяу, біресе бар, біресе үзіліп кетеді. Мұндай қиындыққа тап болған елді-мекендер елімізде көп.
Мысалы, Алматыдан небәрі 15 шақырым қашықтықтағы Айжарық ықшамауданының мектеп оқушылары да сигнал іздеп, тендіреп көшеге шығады, ал кейбіреулері дәретханада сабақ оқиды. Себебі тек осынан ғана Интернетке қосыла алады.
Аружан 9-сыныпқа барды. Оған қашықтықтан оқу қиын. Басты мәселесі де сол интернет. Мобильді Интернеттің жылдамдығы әлсіз, тіпті қарапайым веб-парақ ашу мүмкін емес.
- Байланысты ұстағанның өзінде, онымен кез-келген сайтты ашсаңыз, ол 5-10 минуттан кейін әрең жүктеледі. Мен мұғалімдерден WhatsApp-та тапсырмаларды кешіктіріп аламын. Оларды уақытында тапсыруға уақытым болмайды. Желі қосылмайды. Бұл өте қиын, - деп шағымданады мектеп оқушысы Аружан Серікқызы.
Алматылық шенеуніктер, сондай-ақ Шығыс Қазақстандық шенеуніктер ауылдарда ғаламтор жақын арада пайда болады деп сендіреді.
- Барлық жерде Интернетке байланысты мәселелер туындап жатыр, қай жерде мұндай мәселе бар, онымен әкімдік шұғылданады. Олар демеушілер іздейді, мұнара орнататын компанияларды іздейді. Мұнараларды орнататын провайдерді табу өте қиын. "Қазақтелеком" үлкен ақша сұрайды, сондықтан олар жеке компанияларды іздейді. Біз мұнара орнатамыз, содан кейін Интернет жақсаруы керек. Соңғы мерзім қыркүйектің соңына дейін, - деп сендіреді Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жангелді Өмірәлиев.
Қазақстанда 882 ауылдың тұрғындары Интернетке қол жеткізе алмай отыр. Олардың 25% -ы желіге 3 жылдан кейін ғана қосыла алады екен.